Ауданымыздағы Көксай ауылының тұрғыны Рысбай Ноғайбаев – біздің «Заман жаршысы» газетінің белсенді авторының бірі. Орыс тілінде жазатын оның мақалалары мен жырлары басылымда үнемі жарияланып тұрады. Әсіресе, жүрегін жарып шыққан өлеңдерін жиі-жиі ұсынады.
Жуырда Алматы қаласындағы баспадан Рекеңнің екінші кітабы жарық көрді. «Сборник поэтических произведений» деп аталатын бұл жинағына өлеңдері, поэмалары, мақалалары және арнаулары топтастырылыпты.
Аталған кітаптың аннотациясында «В этот сборник включены избранные стихотворения и поэмы на русском и казахском языках. Патриотическая лирика. Любовная лирика. Тема природы. Исторические поэмы. Посвящения друзьям, родным и близким» деп жазылғанын оқыдық.
Иә, үстіміздегі жылдың аяғына таман жетпіс жастың биігіне шыққалы отырған автордың өлең әлемінде өзіндік айтары бар екен. Мәселен, туған ел, туған жер, Отан туралы өлеңдерінен оларға деген шынайы құрметті, шын махаббаты айқын аңғарылады. Ал, жыр алыбы Жамбыл және Көшек, Наурызбай, Әйтей, Қарасай мен Ағынтай батыр жайындағы поэмаларында елін қорғаған бабаларымыздың ерлік істерін байыпты баяндаған.
Сонымен қатар, табиғат жөніндегі өлеңдерінде қазақ жерінің қайталанбас сұлулығы бейнеленсе, лирикалық өлеңдерінен жүректің толқуы мен сезімінің толқыны айқын сезіледі.
Біз Рекеңе алдағы уақытта да жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.