Білім беру саласының қызметкерлері қоғам алдында ең жауапты міндетті арқалап отыр. Осыған орай, күні кеше Қарасай ауданы педагогтарының төл мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Ұстаздар қауымын аудан әкімі Жасұлан Естенов өзі құттықтап, еңбегі еленген жандарды марапаттап, мерейлерін өсірді.
Бұл күні қатарда жүріп, қалтқысыз іске кіріскен мұғалімдермен қатар, өз өмірлерін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған білім беру саласының ардагерлері де аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шарада бас қосып, мәре-сәре болды. Алдыңғы кезекте оларға гүл шоқтары табысталып құрмет көрсетілді.
Одан кейін сөз кезегін алып сахна төріне көтерілген Жасұлан Тоққожаұлы осы бір қызығынан қиыны көп, жауапкершілігі мол мамандық иелеріне деген жылы лебізін жеткізіп, бар жақсылықты тіледі. Сонымен қатар, аудан басшысы Қарасай жерінің абыройын білім саласында асқақтатып жүрген, талпынысы көпке үлгі, «Болашақ» бағдарламасы арқылы докторантурасын АҚШ-та оқу үшін грантты ұтып алған, Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Маржан Ержанқызының да (суретте) жетістігін ерекше атап өтті.
Мұнан кейін бірқатар мереке иелері ел алдында құрметке бөленді. Атап айтқанда, Жасұлан Тоққожаұлы өз атынан жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін бірқатар ұстаздарды Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты шара әрі қарай мерекелік концертке ұласты. Айта кету керек, биылғы жылғы концерттік бағдарламаның басым бөлімгінде ұстаздар мен оқушылар кәсәби деңгейде өнер көрсетіп, жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.