Ел экономикасын арттыру жолында Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бір айқын дәлелі – соңғы уақытта осы өңірде ашылып жатқан өндіріс орындары.
Сәрсенбінің сәтінде Қарасай ауданында тағы бір зауыттың іргетасы қаланды. «КТ&G» деп аталатын корейлік компания келешекте Қазақстанда темекі өнімдерін өндіретін болады. Өндіріс ошағы ауданға қарасты Елтай ауылдық округіндегі Көкөзек ауылында орналасқан.
Жобаның құрылыс барысы бастау алған салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және «КТ&G» ЖШС-нің бас директоры Пик Бок Ин бастаған басқа да компанияның өкілдері қатысты.
Іс-шарада алдымен Алматы облысының басшысы Марат Елеусізұлы сөз сөйлеп, бұл басқосуды халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен дамыту жолындағы маңызды оқиға екенін айтты. Сондай-ақ облыс көлеміндегі темекі өнеркәсібінің маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша темекі өнеркәсібі мемлекеттік бюджетке шамамен 145 млрд. теңге салық төлеген. Бұл жалпы түсімінің 34%-ға жуығын құрайды. Ал осы салада 1500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған.
– Облыс әкімдігі мен «KT&G» компаниясы арасындағы қарым-қатынасты орнату аясында Оңтүстік Кореяға достық сапары және корей тарапының Алматы облысына жауап сапары өтті. Бұл қадамдар біздің өңірде осы өндірісті оқшаулау жобасын жүзеге асырудың бастамасы болды. Өз кезегінде «KT&G» темекі өнеркәсібіндегі өз өндірісін өңірімізде локализация жасаған үшінші трансұлттық компания болмақ. Облыс әкімдігі өз тарапынан визалық қолдау көрсету және жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті техникалық шарттарды алу тұрғысынан жан-жақты қолдау көрсетеді. Инвесторларымызға тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның гүлденуі үшін достық және үйлесімді жұмыс тілеймін, – деп облыс әкімі құттықтау сөзін арнады.
Сонымен қатар, өңір басшысы Оңтүстік Кореядан келген кәсіпкерлердің ұстанымын жоғары бағалап, осындай салтанатты шараны ұйымдастырғанына алғысын жеткізді.
Екі елдің достығы жайлы «KT&G» компаниясының бас директоры Пик Бок Ин де сөз етті. Оның айтуынша, Қазақстан мен «KT&G» арасында қарым-қатынас 25 жыл бұрын болған. Осы жыл арасында берік ынтымақтастық қалыптасты және зауыттың ашылуы жаңа бетбұрыстың орын алғанын дәлелдейді.
– Алматы облысы Қазақстанның қаржы орталығы ретінде осы елдің экономикасына үлкен үлесін қосып келе жатқан өңір ретінде жақсы білеміз. Осы жылдың басында Алматы облысының әкімдігімен ынтымақтыстық орнап, келісімшартқа қол қойылған еді. Зауыттың салыну процесі оңай жұмыс емес. Сондықтан баршаңыздың қолдауларыңыз, қызығушылықтарыңыз өте маңызды. Қазақ халқында мынадай мақал бар: «Досыңды танығың келсе, жолға бірге шық». Біз бірге жолға шығып барамыз. Осы жолды сәтті жүріп өтуімізге сіздердің үлкен үлестеріңіз, қолдауларыңыз қажет. Бүгінгі салтанатты рәсіммен құттықтаймын, қадамдарыңызға гүл бітсін, – деп компания басшысы Пик Бок Ин тілегін білдірді.
Екі елдің ынтымақтастығына себепші болған басшылар жобаға қатысты жылы лебіздерін арнаған соң, зауыттың іргетасын қалау рәсімін өткізді. Естелік суретке түсіп, қол алысып, жобаның сәтті жүзеге асуына тілекші болды.
Айта кетейік, «KT&G» – әлем бойынша ең ірі өндіріс орындарының бестігіне кіретін халықаралық компания. Жаңа өндірісті іске қосу 90 млрд. теңгеден астам шетелдік инвестицияның келуін қамтамасыз етеді. Одан бөлек 100-ге жуық жоғары жалақылы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Зауыттың орны жалпы аумағы 20 га жер телімін қамтиды. Компанияны құрылыс кезеңі 2022-2026 жылдарға жоспарланған.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 8 млрд таяқшаны, яғни стикті құрайды. Оның 60 пайызға жуығы экспортқа шығарылады. Ал жобаны тұрақты түрде электр қуатымен қамтамасыз ету жақында ғана іске қосылған «Көкөзек» қосалқы стансасы арқылы жүзеге асырылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суретті түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.