Қашан көрсек те жан-жағын бойындағы әдебімен, жібектей мінезімен баурап, «айналайын» деген жылы сөзін тастамай айтып жүретін абзал азамат айналасына таусылмайтын мейірім шуағын төгіп келеді. Ол – өмір жолы өнеге, кісілігі мен кішілігінен айнымайтын Берікбай Қадықов. Ол – Қазақстанның Құрметті журналисі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.
Бұрын бұл кісіні мүлде танымайтынмын. Бірақ тағдыр бізді тоғыстырып, мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде осындай жаны жайсаң жақсы азаматпен бірнеше жыл қоян-қолтық бірге жүріп, бірлесе жұмыстар атқардық.
Берікбай 2009 жылы жаз кезінде отбасылық жағдайымен қасиетті Қарасай жеріне Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан қоныс аударған. Сол кезден бастап «Заман жаршысы» (қазіргі «Naqty») газетінде былтырға дейін жұмыс істеді. Сол кезден бастап танысып білістік, араластық. Содан бері ешкімнің де тоқтатуға шамасы жетпейтін уақыт дөңгелегі зырылдай айналыпты, жылжып жылдар, сырғып айлар өтіпті. Ал сол Бекең де, мінеки, жетпіс деген берекелі бел-белестің биігінен көрініп отыр.
Асылы, адамның адамшылдығы алдымен істеген ісінен, жақсы жүріс-тұрысынан, көркем мінезінен, білімінен, адалдығынан, әділдігінен білінсе керек-ті. Жергілікті деңгейдегі ақпарат айдынында желкенін керген басылымның біріне тілші болып орналасқан. Жас шағынан ұдайы ұмтылған қиындығы мен қызығы мол кәсіптің жалынан мықтап ұстаған. Қалам қайратын адамдық пен адалдықтың ақ жолына арнаған. Жалықпай ізденген, жасымай жазған. Жақсылықпен табысқан, жамандықпен алысқан. Сөйтіп, осылайша өзіміздің «Заман жаршысы» газеті бас редакторының орынбасары болып, еңбек жолын жалғастырды. Құрметті демалысқа шыққанан кейін де жергілікті басылымдағы қызметін жоғары дәрежеде абыройлы атқарып, берекесі артты, беделі көтерілді. Өзінен кейінгі жас журналистерге бар білгенін үйретіп, газет саласының қыр-сырына машықтады.
Үсенбай Тастанбеков ағамыз «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып тұрған кезде, сол кісінің бастамасымен Қарасай ауданындағы бірқатар мектептердің атаулары қазақшаға өзгертілген болатын. Сол комиссия құрамында Берікбай да болып, білім ошақтарына еліміздің ұлы тұлғаларының есімі берілуіне ат салысты. Бекең көзі қарақты, білген, көрген азамат ретінде әлі күнге дейін аудандағы қоғамдық жиындар мен шаралар ол кісісіз өтпейді, барлық жұмыстарға белсене үлес қосып келеді.
Берікбай Қадықов бұл күндері жетпіс жасқа толып отыр. Үлгілі отбасының басиесі ұл-қыздарының қызығын көріп, өмірлік жары Бота екеуі немерелерінің күміс күлкісіне тоймай, бақытты ғұмыр кешуде. Күзіңіз берекелі де мерекелі болып, молшылығын берсін! Туған күніңіз құтты болсын.
Шара ҚАНАТҚҰЛҚЫЗЫ,
аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.