1990 жылдың қазан айының 25-і күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Сондықтан бұл күн еліміз үшін тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам болып саналады. Тарихымызда маңызды оқиға ретінде саналатын күнді қазақ халқы әрдайым мадақтап жүру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйек күні заңға қол қойып, ресми түрде 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні ретінде бекітті. Осы ретте елімізде аталмыш мейрам 13 жылдан кейін қайта аталып өтуде. Біздің ауданымызда да осыған орай көптеген іс-шаралар атқарылуда. Солардың бірі ретінде өткен аптаның жұмасы күні ұйымдастырылған «Менің Отаным Қазақстан!» атты кішкентай қылқалам шеберлер байқауын айтса болады.
Қаскелең қаласындағы «Ерке-Нұр» балабақшасының атсалысуымен өткен байқауда ауданымызда орналасқан «Ақкөгершін», «Айгөлек», «Нұр-Бағым» сияқты жалпы, 17 балалабақшаның талантты бүлдіршіндерінің көздің жауын алатын туындылары ұсынылды. Олардың барлығында бейнелеу өнерінің түрлі жанры қамтылған. Жас суретшілер түрлі техниканы пайдаланып, қағаз бетіне әсем көріністі ерекше талғаммен, кішкентай жастарына қарамай асқан шеберлікпен өрнектеген. Балалар өздерінің жұмыстарында түстерді қанық бере отырып, еліміздің рәміздері, мемлекетіміздің туы, бәйтерек, жайқалған шалғын шөбі, орманы, гүлдері мен құстарын тартымды бейнелеген. Бүлдіршіндердің талабы мен өнері қуантады. Көрмедегі әр туындының һас шеберлікпен орындалғаны сөзсіз. Оның дәлелі – көрмеге келген қауымның ыстық ықыласы. Шараны тамашалауға келген кеш қонақтары таңданысын жасыра алмай, әр туындыны жоғары бағалап өтті.
Жас қылқалам шеберлерінің қиялынан туған туындыларды аудандық білім бөлімі мен «Mimico_cool» кәсіби бейнелеу өнері орталығынан шақырылған мамандар бағалады. Қазылар алқасы суреттің берілген тақырыпқа сәйкестігін, сурет салу техникасы мен сапасын, баланың ойы мен композицияның ерекшелігін, суреттің ерекше, жарқын және мәнерлі орындалуын, түстердің үйлесімділігін, сәйкестігін бағалай отырып қорытындысын шығарды. Бірінен-бірі өткен туындыларды саралап, әділ бағасын беру қазылар алқасына да оңайға түспеді. Десе де, жарыстың аты жарыс, дарындылар дараланып шығары сөзсіз.
Сонымен баланың өзiндiк шығармашылық әлеуетiн дамытуға, қабілеттері мен қиялын ашуға ықпал етіп, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені «Жадыра Жайна» балабақшасының тәрбиеленушісі Алмаз Чабдарбаев жеңіп алды. Жүлделі І орынды «Сандуғаш» бөбекжай-балабақшасынан Айлин Мұратқажы жеңіп алды. Ал ІІ орынды «Брусничка» балабақшасының намысын қорғаған Сая Алтынбек иеленсе, ІІІ орынды «Айгөлек» балабақшасынан Медина Калиаскар мен «Жанерке» балабақшасының тәрбиеленушісі Оразбай Халима өзара бөлісті. Сондай-ақ көрермен көзайымы болған өзге сайысушылар «Ең талантты суретші», «Креативті суретші» сияқты әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Байқау соныңда барлық қатысушылар мен олардың тәрбиешілеріне бағалы сыйлықтар мен арнайы Алғыс хаттар табыс етілді.
Осылайша кішкентай өнерпаздарға мотивация мен толассыз шабыт, ал көрермендерге ерекше әсер сыйлаған байқау тамаша көңіл-күймен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.