Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімінің орынбасары Айдын Әуесбай Ұмтыл ауылдық округі әкімінің лауазымына үміткер азаматтарды таныстырды.
Бүгінгі күнге дейін аталмыш округтің әкімі қызметін атқарып келген Ришад Құлыншақовтың өкілеттік мерзімі аяқталуына орай, Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жаңа әкім сайлауын 2021 жылдың 17 мамырында өткізу туралы шешім шығарды. Бұл басқосуды аудан әкімінің орынбасары таңдалған үміткерлерді Ұмтыл ауылдық округінің тұрғындарына таныстырудан бастады. Еске сала кетсек, заң бойынша сайлауға қатысатын азаматтардың саны екіден кем болмауы керек. Ал, осы сайлауда үш азамат бақ сынамақ. Атап айтсақ, Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Серік Үмбеталиев, Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов және аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алихан Кожекеев.
Бұл үміткерлердің еңбек жолы жайлы Айдын Әуесбайұлы ауыл тұрғындары мен аппарат қызметкерлеріне толық ақпарат беріп, өмірбаяндарымен таныстырып, барлық талаптарға сай келетінін жеткізді. Сондай-ақ, аудан басшысының орынбасары алдағы уақытта жаңадан сайланатын азамат халық мүддесін ойлайтын, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаратын білікті басшы болу керектігін ескертті.
Басқосу соңында тұрғындардың атынан Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасенов сөйлеп, үміткерлерге сайланған жағдайда округтің өркендеп, алға басуы үшін бар күш-жігерлерін салу керектігін атап айта келе, алдағы таңдауда тек қана сәттілік тіледі.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.