«Өнерлі бала өрге жүзер», «Адам болатын бала алысқа қарайды»… Айта берсек, бала туралы мақал-мәтелдер өте көп. Ата-бабамыз бұндай сөздерді бекер айтпағандығын да байқап жатамыз. Бала дарынды, өнерлі, талантты және жан-жақты болса, оған да таңқалмасқа болмас. Сондай жас таланттардың бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны, Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебінің 5-сынып оқушысы, елімізге танымал «Келінжан» телесериалының актері Ерлен Оразхан жайлы 1 маусымдағы – Балаларды қорғау мерекесіне орай әңгіме қозғайтын боламыз.
Жас талант Еңбек-шіқазақ ауданы Есік қаласында 2012 жылы дүниеге келгенімен, жасы екіге толғанда отбасылық жағдайларына байланысты ата-анасы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылына көшіп барған. Ерлен осы елді мекенде орналасқан Т. Бокин атындағы орта мектебінде бірінші сыныпқа барды. Әкесі Мұхамедхан Оразхан инженер болса, анасы Ажаргүл Запарқызы «мал дәрігері» мамандығын тәмамдаған, екеуінің өнерге мүлдем қатысы жоқ жандар. Десе де анасының сөзіне қарағанда, ол кішкентайынан айналасындағы болып жатқан заттарға қызығушылығы жоғары, қағылез бала болған. Кез келген істі бірден алып кететін байқаған анасы Ерленді бірінші сыныпқа барғаннан кейін, тұрғылықты аймақтарына жақын Жамбыл ауданы Жамбыл ауылындағы өнер мектебіндегі үйірмелердің біріне қатыстырып, қабілетін шыңдасам деп ойлаған. Олардың таңдауы Айдина Жайшибекова есімді жан тәлім беретін қолөнер үйірмесіне түскен. Біраз уақыт өткен соң, ұстазы «Ерлен іспен айналып отырғанда, өзі құрап өлең айтып, ыңылдап отырады. Мүмкін оны ақындар мектебіне берерсіз, біз бұл таланттың қолын байлап отырғандаймыз», деген ойын анасына айтады.
Иә, расымен өзіне кішкентай болғанымен, баласының ел көзіне түсетіндей өсіп қалғанын ұғып Ұзынағаш ауылының Мәдениет үйінде орналасқан ақындар мектебіне алып келіпті. Ұстазының бағдары бекер болмапты, бұл орталықта айтыскер ақын Аяулым Жұмабекқызы Ерленнің жазған өлеңдерін оқып, дикциясын тексерген соң бірден қабылдады. Жалпы оған ақындық өнер нағашы жұртынан дарыған. Анасының туған ағасы Нұрманбек Запарұлы мұнай саласында жүргенімен, жиенінің осы өнерде жүруін қос қолымен қолдаған жандардың бірі. Өлеңдерінің кем-кетігін, ұйқасын қарап беріп шама-шарқынша көмек беруде. Ақындар мектебінде жүріп жас талант көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, Абай, Жамбыл, Әуезов, Мұқағали, Айбергенов есімді тау тұлғалы ақындардың оқуларында республикалық деңгейге дейін жетіп, бас жүлде, бірінші орындарды қанжығасына байлаған. Сонымен қатар, Оразалы Досбосыновтың рухына арналған, «Кемел», «Үшқыр», «Зерде» өнер-білім орталықтары ұйымдастырған жарыстарда жүлделі орындарды иеленген.
Ерленнің өміріндегі кездейсоқ кездесулер мұнымен аяқталмайды. 2019 жылдың жаз уақыты шамасында мұғалімі Бектұрған Тұрсынәлінің ағайы оған Аққайнар ауылында түсірілейін деп жатқан «Келінжан» телесериалында бағыңды сынып көрсеңші деген ұсыныс айтады. Жас талант бұл жерде де көзі қырағы продюссер мен режиссердің көзіне ілініп, рөлге бекітіледі. Жоғарыда айтып өткендей, Ерлен Гүлнұр Мамасариповадай продюссер түсіретін еліміздегі танымал «Келінжан» телесериалының 5-бөліміне түсіп жатыр. Екінші бөлімінен бастап, басты рөлдердің біріндегі Балқия мен Мәдібек есімді кейіпкерлердің баласы болып ойнайды. Алдыңғы кейіпкерлердің бірі болмаса да, өзіне тапсырылған міндетті жауапты атқарып келеді. Сонымен қатар, ол «Балапан» арнасындағы «Табиғат мектебінде» киносына түскен.
2021 жылдан бастап ата-анасы Қаскелең қаласына қоныс аударғандықтан, ол қазіргі уақытта Қ.Сәтпаева атындағы орта мектебінде оқиды. Мұнда келсе де ақындар мектебіндегі тәлім алуды жалғастыруда. Қазіргі уақытта жүйелі түрде жарыстарға дайындалып келеді. Бүгінгі күнге дейін, Абай, Сүйінбай, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов, Жамбыл, Есенқұл Жақыпбеков сынды ақын аталарына, туған жерге, анасына, отбасына және тағы басқа тақырыпта жазған арнау өлеңдері бар. Жасөспірімнің сөз саптауы да, тіпті, арманы да ерекше. Осы жолда аянбай тер төгуге дайын екендігін әдемі әңгімелейді. Бесінші сыныпты енді бітірген бала болса да, Ерлен бірінші кезекте жарық дүниеге әкелген анасына, содан кейін бір басына жетерлік осыншама жетістігіне себепші болған ұстазы Аяулым Жұмабекқызы мен сынып жетекшісі Балауса Қанатқызына, болар баланың бетін қақпай, белін буып жүрген әжесі Мәруа Сүлейменоваға алғыс айтуды ұмытпады сұхбат барысында.
Қорыта айтқанда, қаршадай болғанымен, Ерленнің алға қойған мақсаты үлкен. Қазақ даласына, әлемге танымал ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын өнер иесі болуды қалайды. Тек қалап қана қоймай, сол үшін тынбай еңбек етіп келеді. Арманы асқақ кішкентай кейіпкеріміздің алдағы уақытта жолы ашық, шығармашылығы табысты болуына біз де тілектеспіз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.