Жақында Кеген ауданы Саты ауылдық Мәдениет үйінде «Жақсы келін – ырысың» атты келіндер байқауы болып өтті. Ақылына ажары сай ауылдың оншақты ибалы, он саусақтары өнеріне толы келіндер бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Ақ келіндер өздерін таныстырып, қолдарынан келетін өнерлерін ортаға салды. Ән айтып, би биледі. Ұлттық салт-дәстүр, жөн-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап берді. Өздерінің алтын қолдарынан шыққан ұлттық тағам түрлерін алға тартты. Қысқа мерзім ішінде қолдарынан келетін тоқыма, тігін секілді өнерлерін көрсетті. Осынау байқау арқылы әр шаңырақтағы ақ келіндердің үлкендердің жолын жалғап, салт-дәстүрімізді өрістетудегі орны ажарланды. Отбасының береке-бірлігін кіргізіп, ұйытқысы бола білудегі ұстанымдары айқындалды.
Байқаудың қорытындысымен Жансая Әбішқызы 1орынға ие болды. Әйгерім Дәуренқызы 2 орыннан, Мөлдір Боталы 3 орыннан көрінді. Жеңімпаз келіндер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ақылына көркі, біліміне білігі сай, он саусағы өнеріне толы, салт-дәстүр жөнінде де алдына жан салмайтын Жансая ауданда өткен осындай мақсаттағы байқауда «Инабатты келін» аталымына ие болып қайтты.
Суретте: Келіндер сынында 1-орын алған Жансая Әбішқызы (ортада) және байқау жеңімпаздары.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.