Биылғы – еліміз үшін ерекше кезең. Тәу етер Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Осы уақыттың ішінде еліміздің тарихында талай оқиғалар, елеулі өзгерістер болды. Қазақстанның төл валютасы – теңгенің айналымға енуі. Іргедегі алпауыт көршілермен келісе отырып, ұрыс-керіссіз шекараны шегендеу. Алдымен экономика, сосын саясат ұстанымы. Нарықтық экономика құру. Конституция мен рәміздерді қабылдау. Мұның бәрі – Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің тұғырын нықтаған айтулы бастамалар, іргелі істер. 30 жылдың ішінде осы бір жеткен жетістіктерімізді насихаттау мақсатында елімізде жылда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, тарихымыздағы бұл күн ерекше аталып өтіледі. Осы аптаның дүйсенбісі күні, Еңбекші орта мектебінде 1-ші және 8-ші сыныптардың ұйымдастыруымен, мектепшілік іс-шара өтіп, ол рухы асқақ, тұғыры биік төл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналды.
Ұрпақ санасына қастерлі тәуелсіздік жылдарының қасиетін ұғындырып, олардың туған жеріне деген махаббатын нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында алдымен бірінші сынып оқушылары өнер көрсетті. Гүлнұр Қазиева жетекшілік еткен кішкентай балалар егемендікке арналған өлең шумақтарын оқып, кішігірім көріністер қойды. Тәуелсіздігіміздің қандай қиын жолмен алынып, егемен еліміздің қалай құрылғандығы жайлы ақпарат беріп өтті.
Мұнан кейін сахна төрінде Райса Кайпназарова жетекшілік ететін 8 сынып оқушылары шығып, қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы ерлік күресі мен ғасырлар бойы басынан өткен қиыншылықтарын айта келіп, осы ауыр жылдардағы елінің азаттығын, еркіндікті аңсаған ұлт зиялыларына тоқталды, Тәуелсіз елдің 30 жыл ішіндегі қол жеткізген жетістіктерімен таныстырды. Нақтырақ айтқанда, балалар сынып сағаты аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті нығайтудағы тарихи рөліне, еліміздің саяси оқиғаларына байланысты заң құжаттарына шолу жасады. Елдің егемендігін танытатын 1995 жылы қабылданған Конституция, кез келген мемлекеттің біртұтастығын бейнелейтін рәміздер мен елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы жайлы айтты. Сондай-ақ, бүкіл әлемдік қоғамдастықтың даму тарихындағы әрі жаһандық антиядролық қозғалыстағы маңызды оқиға – Семей ядролық сынағының тоқтатылуы жайлы, қазақ халқынан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туралы да мағлұмат беріп өтті. Мұнан бөлек, 8 сынып оқушылары «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялары, 2011 мен 2017 жылдары елімізде өткен Азия ойындары мен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі, республикамызға қарасты 14 облыс жайлы әңгімеледі. Бұған қоса қазіргі ел Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлынің өмірі мен қызметіне кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, жиын барысында екі сыныптың балалары танымдық мәліметтер айтудан бөлек, патриоттық әндер орындап, би билеп, концерттік бағдарлама да ұсынды.
Мерекелік шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Манасова: «Ең бірінші кезекте мен бүгінгі сынып сағатын өткізген мұғалімдер мен білімгерлерге алғысымды білдіремін. Біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста азат ел екенімізді, өткеніміз өнегелі, келешегіміз кемел екендігін зор мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да, кешегі өткен бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артық емес. Ұлы мерекені ұлықтау ел болып еңсе тіктегенімізді көрсетеді. Азаттық рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!» деп түйіндеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.