Жақында Талғар ауданындағы Кеңдала ауылында кітапхана ашылды. Бұл рухани шара 24 қазан – Кітапханашылар күніне орай ұйымдастырылды. Аудандық кітапхана мен жергілікті ақсақалдар мұрындық болған іс-шараға ауыл тұрғындары, аудан әкімдігінің өкілдері, жазушылар мен ақындар, журналистер қатысты. Аталған жиынды ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева құттықтау сөзбен ашып, аталған игі істің маңыздылығына тоқталды.
– Үлкен әдеби қор, рухани байлық жинақталған кітапхана қай заманда да білім қоймасы саналған. Қазір де кітапты қолыңмен ұстау, сүйсіне оқу – ғаламтордан оқығаннан анағұрлым жақсы және маңызды. Мынадай интернет технология дамыған заманда да адамдар кітапханаларға барып, өздері таңдаған шығармаларды тікелей кітаптан оқиды және өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі болады деп сенемін, – деді Талғар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ф.Бегенбаева.
Жиналған жұртты Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов та құттықтап, бұл білім қоймасының ашылуына кеңседен арнайы бөлме бөліп берген атқарушы билік те өзіндік үлес қосқанын айтты.
Кітапхананың қызыл лентасын ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ақын Бексұлтан Көлбаев пен аналар кеңесінің төрайымы Күләйхан Ақбұйымова кесті. Одан кейін ақ жаулықты әжелеріміз шашуын шашып, ақ тілектерін жаудырды. Жиналған қауым жаңа кітапхананың ішін аралап, аудандық кітап қорынан сыйға тартылған және осы өңірде туған жергілікті ақын-жазушылар – Тұрсынбек Жалғасбаев пен Кәмнұр Тәліпұлының шығармашылық еңбектерімен танысты.
Сондай-ақ, жаңа кітапхана төрінде биыл 175 жылдығы тойланатын Шәкәрім Құдайбердіұлының, жуырда ғана 100 жылдығы атап өтілген Кемел Тоқаевтың, Бақтыбай ақын, Төлен Әбдік, Дүйсен Шоқановтың кітаптары да орын алған.
Шара барысында журналист Жексен Алпартегінің «Ғасыр-Таразы» кітабының тұсауы кесіліп, игі істің соңы ауыл өнерпаздарының концертіне ұласты.
Айта кетейік, ресми дерек бойынша елімізде 10 976 кітапхана бар болса, оларда 19 476 кітапханашы жұмыс істейді.
Қазір заманның талабына сай барлық кітап, мақал цифрландырылып, электронды каталогқа енгізіліп жатыр. Бұл кітапхана жұмысының жаңа форматта дамуы десек дұрыс шығар.
Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі. Ол – біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз байлығымыз. Өткен замандардың туының тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де осы кітапханадан табамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі – осы кітаптар. Рухани білім мен мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «кітап» деген құдіреттен тапты. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір.
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.