Қазақстанда мемлекеттік саясаттың ең басым бағыттарының бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау, олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуына жағдай жасау және жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде 740 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан тұратын болса, оның 110 мыңнан астамын балалар құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ресми ақпаратқа сәйкес, осы санаттағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2025-2030 жылдарға арналған арнайы тұжырымдама бекітілген. Инклюзивті саясат тұжырымдамасы шеңберінде 13 негізгі бағыт пен 52 нақты шарадан тұратын ауқымды кешенді жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама кедергісіз қолжетімді орта қалыптастыру, сапалы білім беру, тұрақты жұмыспен қамту және медициналық-кәсіби оңалту сияқты маңызды салаларды толық қамтиды.
Алматы облысының ірі ауданы болып саналатын Қарасайда да мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау, оларды қажетті оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бағытында пәрменді де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта аудан көлемінде I топтағы мүгедектігі бар 632 тұрғын, II топтағы 1810 азамат және III топтағы 1998 адам тіркелген. Сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін мүгедектігі бар балалардың саны 1684-ке жетсе, оларды мәпелеп өсіріп отырған 1683 ата-ана мен қамқоршыға мемлекет тарапынан тиісті жәрдемақылар тұрақты төленіп келеді.
Бұдан бөлек 2026 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша аудан аймағындағы осы санаттағы азаматтардың жеке қажеттіліктерін өтеу мақсатында 204 кресло-арба, 840 протездік-ортопедиялық бұйым, 2229 міндетті гигиеналық құрал, 136 сурдотехникалық және 177 тифлотехникалық арнайы құрал берілді. Сондай-ақ жүріп-тұруы қиындаған 529 адамға жеке көмекшінің қызметі ұйымдастырылып, 800 азамат санаторийлік-курорттық емдеу-сауықтыру орындарына жолдама алды. Ал есту және сөйлеу қабілеті шектеулі 100 тұрғын ымдау тілі мамандарының кәсіби қызметімен қамтамасыз етілді.
Ерекше атап өтерлік жайт – аудан бойынша 50 азамат «Инватакси» арнайы тасымалдау қызметін белсенді пайдалануы. Осы уақытқа дейін бұл қызмет бойынша 3204 тапсырыс сәтті орындалды. «Инватакси» жобасының басты мақсаты тірек-қимыл аппараты бұзылған және жүріп-тұруы қиын азаматтардың емдеу-алдын алу медициналық ұйымдарына, білім беру ошақтарына, жұмыс орындарына, сондай-ақ маңызды әлеуметтік нысандарға кедергісіз барып-келуін қамтамасыз ету болып табылады. Аталған қызмет жергілікті бюджет қаражаты мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде сапалы ұйымдастырылып, қызмет алушылардың сұраныстары мен жеке қажеттіліктеріне толық сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Қарасай ауданында мүгедектігі бар азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қоғамдық-саяси және мәдени өмірге толыққанды бейімделуіне жағдай жасау, сондай-ақ жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік қызметтермен қамту жұмыстары тұрақты бақылауда. Іске асырылып жатқан мұндай кешенді әлеуметтік шаралар ерекше жандардың өмір сүру сапасын едәуір арттыруға және олардың қоғамдық ортаға еш кедергісіз сіңіп кетуіне тікелей бағытталған.
Сонымен қатар Қарасай аудандық мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы берген мәліметтерге қарағанда, 2026 жылы Қазақстан Республикасында ең төменгі күнкөріс деңгейінің (50 851 теңге) және айлық есептік көрсеткіштің (4 325 теңге) өсуіне байланысты мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен өзге төлемдердің мөлшері 10 пайызға артты.
Ай сайын берілетін негізгі төлемдер мөлшері азаматтардың белгіленген санаты мен мүгедектік тобына байланысты сараланады. Жалпы ауру салдарынан мүгедектігі белгіленген азаматтарға, еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдардың болу-болмауына қарамастан, республикалық бюджеттен ай сайын мынадай мөлшерде жәрдемақы төленеді: I топтағы азаматтарға – 111 873 теңге, II топқа – 89 498 теңге, III топқа – 61 022 теңге.
Бала кезінен мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы мөлшері: I топ үшін – 111 873 теңге, II топ үшін – 93 058 теңге, III топ үшін – 81 871 теңгені құрайды. Ал 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға ай сайын 81 871 теңге төленеді.
Күтім бойынша нақты төлемдерге тоқталатын болсақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға (немесе қамқоршыларға), сондай-ақ I топтағы мүгедектігі бар азаматтың күтімімен айналысатын тұлғаларға ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 81 871 теңге деңгейінде белгіленген.
Мұнымен қатар қосымша әлеуметтік төлемдер механизмі де қарастырылған. Егер де азамат еңбек қызметі кезеңінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) тұрақты түрде әлеуметтік аударымдар аударып отырған болса, ол негізгі мемлекеттік жәрдемақыға қосымша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы. Бұл төлемнің нақты мөлшері азаматтың соңғы екі жылдағы ресми табысына және сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне сәйкес әрбір адам үшін жеке есептеледі.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

