Елімізде бүгінгі таңда алдыға қойылып отырған үлкен міндеттердің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Өйткені аталмыш бизнестің деңгейін жоғарылату мемлекеттегі экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың басты құралы болып табылады. Әсіресе, жеке меншіктік өндірістік құрылымның көбеюінен және орта таптың нақты қалыптасуынан уақыт өткен сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Осы ретте бүгінде Қазақтанда кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында көптеген бағдарламалар іске асырылуда. Мұндай тиімді жобалардың қатарына «Кәсіпкер» несиелеу бағдарламасы да жатады. Айдарымыздың бұл жолғы санында біз осы бағдарлама жайлы толығырақ жеткізетін боламыз.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында берілетін «Кәсіпкер» несиелеу бағдарламасы да біз бұрын айтып өткен «Сыбаға», «Игілік» сияқты шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Аталғандардан мұның бір артықшылығы, бұл бағдарлама арқылы несиені алушы тек ауылшаруашылығын ғана емес, басқа да жеке кәсіптің түрлерін дамыта алады. «Кәсіпкер» арқылы несие алғысы келетін кәсіпкердің 6 млн. теңгеге дейін 60 ай мерзімге 6 пайызбен несие алуға мүмкіндігі бар. Ал, аз қамтылған немесе көп балалы отбасынан шыққан қарыз алушыларға несие 4% беріледі. Бағдарлама негізінде жылдық сыйақы мөшерлемесі – 4,7 %. Тағы айта кетері, егер қалаушының кәсібі үлкен әрі пайдалы болса, онда ол 10 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Мұнда негізгі қарыз бен үстеме сыйақысын өтеу бойынша жеңілдік мерзімі де қарастырылған.
Аталған бағдарлама арқылы кез-келген бағытта жеке кәсібі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтер несие ала алады. Бірақ, бұл бағдарлама бойынша несие алу үшін шаруаның міндетті түрде алатын қаржысының толық құнын жабатын кепілзаты болуы керек. Кепіл міндетті түрде несиенің сомасын толықтай қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ, кепіл саясаты ауылдық жердің кәсіпкерлеріне жеңілдетілген бағытта жұмыс істейді. Яғни, қарыз алушы кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүліктің барлық түрін қоя алады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жалданған жер де кепіл ретінде қарастырылады. Егер несие бойынша әлеуетті клиенттің кепілі жеткіліксіз болса, сатып алынатын мүлік те қосымша кепіл ретінде қарастырылады.
Қарыз алушыға қойылатын негізгі талаптар:
– несиелік өтінімді беру / қарау күніне салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы;
– соңғы есеп беру күніне ЕДБ-ге және басқа қаржы институттарына мерзімі өткен қарыздарының болмауы (өтініш берген ағымдағы ай);
– несиелендіруге рұқсат етілген несиелік тарих (егер несиелік тарих болса);
– несиенің мақсатты пайдаланылуын тексеру үшін қажетті және жеткілікті құжаттарды ұсыну;
– кәсібін енді бастайтын азаматтың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс.
Несие алғысы келетін кәсіпкер бұрыннан бері өзінің ісін жүргізіп келе жатқан болса, оның бұл бағдарламаға қатысуы ешқандай қиындық әкелмейді. Ол жай ғана өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының филиалына жүгініп, сол жерге өтініш жазуы керек. Әрі қарай оның салық органдары сияқты мекемелерде қарызы болмаса және де несие тарихы таза болса ол еш кедергісіз несие ала алады.
Ал, егер де несие алғысы келетін азаматтың кәсібі үш жылдан кем жұмыс істеп тұрған болса, ол «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер палатасының мамандары дайындаған арнайы 21 күндік кәсіпкерлік курсын оқуы қажет. Ол үшін қалаушы алдымен аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгінуі керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы немесе жұмыссыз ретінде тіркеліп, тегін оқуға жолдама алуы қажет. Аталмыш курс толығымен тегін әрі онлайн форматта «Atameken Academy» платформасында жүргізіледі. Курстарды тәмәмдап, кәсіпкерлік негіздеріне оқу курсынан өткені туралы сертификатты алғаннан кейін жұмыспен қамту орталығынан несие рәсімдеуге жолдама алады. Несие өтінімі, бизнес-жоспар және құжаттар пакеті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тапсырылады. Палата несие беру туралы шешім шығарғаннан кейін қаржы несие алушының шотына аударылады. Одан кейінгі үш айдың ішінде несие алушы қаржыны бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатқа пайдаланғанын құжатпен растауға міндетті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.