«Алтын орда» базары маңындағы құрылыстың қашан бітетіні көпті алаңдатып жатқаны жасырын емес. Темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушілерді осы маңдағы кептеліс әбден қажытты. 2017 жылы басталған жол құрылысы сол кездегі жоба бойынша 2019 жылы бітіп, пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, бірқатар себепке байланысты жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін созылуда. Кейінгі уақытта мәселелердің реті шешіліп, құрылыстың біту мерзімі нақтыланған болатын. Дегенмен, бұл ақпарат халықты әлі де сендіре қоймады. Желдей ескен жаңалықтың анық-қанығын біліп, жұмыс барысы қандай деңгейде жүріп жатқанын білу үшін «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровтан сұхбат алуды жөн көрдік. Өзекті сұрақтарды қойып, нақты жауапты да ала білдік.
– Нұржан Тоқтасынұлы, тас жолдың бойындағы құрылыстың соншалықты созылуына нақты қандай кедергілер болды? Биыл бітетіні рас па?
– Жоспар бойынша ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өздеріңіз білетіндей, «Алматы – Бішкек» тас жолын халықаралық маңызы бар магистраль деп айтуға болады. Жоба бойынша 3,8 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде үш бірдей жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті көпірі мен эстакада және таға тәрізді жол айрықтары салынады. Құрылыс жүретін аумақтың екі жағында да көліктер кіріп-шығатын базар орналасқандықтан, уақытша айналмалы жол жасау мүмкін емес. Бір жағынан кәсіпкерлердің де ісіне кедергі келтіре алмаймыз. Осылардың бәрін ескере келе, бар мүмкіндікті пайдаланып, жөндеу жұмыстары созылып жатқаны анық. Оның үстіне коронавирустың таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, бұл маңда блок-бекеттер қойылды. Дәл жұмыс қарқыны жүретін уақытта осындай кедергілерге тап болдық. Осылайша, тас жолдың бойында құрылыс бір жылға кешікті. Одан бөлек, жолдың бойындағы жанармай бекеттерінің орналасқаны да негізгі себептердің бірі десек болады. Алайда, бұл мәселе қазіргі уақытта оңды шешімін тапты. Бүгінгі таңда құрылыс жақсы жағынан жанданып келеді. Бәрі ойдағыдай болса, биыл құрылысты толығымен аяқтаймыз деген ойдамыз.
– Алғашында жөндеу жұмысын жүргізу үшін «ДәулетДорСтрой» ЖШС-мен келісім жасалған еді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір жобаға басқа мердігер компания жауапты. Неліктен мұндай өзгерістер орын алып жатыр? Түсіндіріп бере аласыз ба?
– Дұрыс айтасыз. Бұрын «ДәулетДорСтрой» ЖШС толығымен осы жұмысты мойнына алған еді. Бірақ, олар уәде еткендей белгіленген мерзімде құрылысты толық аяқтай алмады. Осылайша міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарт бұзылды. Мамыр айының басында жаңа мердігермен мәмілеге келдік. Енді жөндеу жұмысына «СиноМиноСтрой» компаниясы жауапты. Қазіргі уақытта барлық қажетті техника жұмылдырылған. Құрылыс барысында 150-дей маман күндіз және түнде, яғни, екі ауысыммен жұмыс істеуде.
– Жақында Премьер-министр Асқар Мамин жол айрықтағы жұмыстың қалай жүріп жатқанын бақылап, ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беру керектігін айтқан еді. Үкімет басшысының талабы қазір қалай жүзеге асырылуда?
– Шілде айында Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы нысанға арнайы келіп, істің қалай жүріп жатқанын бақылады. Нақты тапсырма жүктеді. Жаз айы құрылыстың қарқынды жүретін маусымы болғандықтан, қазір мықтап кірісудеміз. Бүгінгі таңда ұзындығы 600 метр болатын эстакаданың 300 метрі толықтай дайын болды. Басқа да қосымша жұмыстар атқарылуда. Бұлардан бөлек, құрылысқа қажетті материалдарды дер кезінде сатып алуға да ықпал етудеміз. Өйткені, нарықтағы баға тұрақталмайтыны белгілі. Ол жағын да ескеріп жатқанымызды айтқым келеді.
– Нұржан Тоқтасынұлы, құрылыстың бір бөлігі осы маңда орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешенімен тікелей байланысты. Оның аумағында қандай да бір өзгерістер орын алуы мүмкін бе?
– «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен шығатын көліктер үшін таға тәрізді эстакада салынып жатқанын білесіздер. Бірақ, оның уақытылы бітуіне сол маңдағы базар мен жалғыз жер телімі кедергі келтіруде. Жоба бойынша олар болмауы керек. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдік олардың қожайындарымен келіссөздер жүргізуде. Жоспар бойынша бұл маңдағы құрылыс биылдан қалмай аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Ал, тұрғын үй кешеннің ішкі аумағы ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Барлық жұмыстар кіреберіске дейін бітеді.
– Жеткізген ақпаратыңызға көп рахмет, Нұржан Тоқтасынұлы! Өзіңіз айтқандай жұртшылықты мазалаған құрылыс биыл толығымен аяқталады деп сенеміз.
Сұхбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.