Атамекен, жер үшін», – деген әдемі ән көмейімде бүлкілдеді бүгін. Расымен, елдің жарқын болашағы, жақсы тұрмысын жасауға қызмет етуге лайық депутаттарды сайлауға халық қадам жасауда. Ел ішін аралап, күн құрғатпай жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының барысында сайлауалды тұғырнамаларын таныстырып, таудай уәделерін айтқан үміткерлердің ішінде қалтарыста қалғаны жоқ. Сондықтан сайлаушылар өздері қалаған, сөзіне сенген кандидатына дауыс беруге асығуда. Сайлау учаскелері де сайлау талаптарына сай жабдықталып, сайлаушылардың еш кедергісіз таңдау жасауына бар жағдай жасалғаны бірден байқалады. Бұғанға дейінгі сайлаулардағыдай халықтың көкейіндегі «менсіз де сайланады» деген сенімсіздік пен енжарлықтың бұлты ыдырап, Жаңа Қазақстанды құруға, оң өзгеріс жасауға септігі тиіп, үні жетер деген үміткерді таңдап, сайлауға қызығушылық басым. Оны дауыс беруге беталған азаматтар қарасынан айқын аңғаруға болады.
– Біз болашағымыздың жарқын, жағдайымыздың жақсы боларына сенеміз. Көпбалалы аналардың, жалпы қазақстандық әйелдердің әлеуметтік тұрмысын жақсартып, зейнетке шығуын төмендетіп, баспанамен қамтамасыз етілуіне өзгерістер жасалатын шығар. Себебі, кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларында осындай уәделер көп айтылды. Бүгін депутат боп сайланатын азаматтардың уәделері орындалар болса шынымен де халықтың жағдайы жақсарары сөзсіз. Мен соған сендім, өзім қалаған кандидатқа дауысымды бердім, – дейді Талғар қаласындағы №3 орта мектепте орналасқан №837 сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасаған 12 баланың анасы Гүлназ Нұрділдәқызы.
Еліміздің айбынын асырып, мәртебесін көтеру жолында қызмет етер халық қалаулыларына таңдау жасалатын саяси маңызы зор сәтті қалт жібермей, өз үлесін қосуды азаматтық парыз санаған сайлаушылар таңнан кешке дейін өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруді жалғастыратын болады.
Бүгінгі сайлау нақанында Талғар ауданындағы 81 сайлау учаскесі бойынша 43 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауларын жасайды.