Мынау тылсым тіршілікте құпиясы мол жарық ғаламда қар барысының орны бөлек. Қар барысы (ілбіс) жан аяғы тие бермейтін жерлерде, аты айтып, сездіріп тұрғанындай мәңгі қар жатқан биік таулы өңірде өмір сүретін, ешқандай жан-жануардан қорықпайтын, айлалы да айбатты, қарулы да қайратты сүт қоректі, әлеуеті жоғары аң саналады. Негізінен Орталық Азиядағы тауларды, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін мысық тұқымдас жыртқыш аң. Түсі көк сұр, теңбіл шұбар, сақина тәрізді дөңгелек қара дақтары бар, жүні ұзын әрі қалың қар барысының дене тұрқы 125-135 сантиметр, биіктігі 60 сантиметр, құйрығы 90-100 сантиметрді құрайды. Тұяқты жануарларды мысалы, арқарды, тау текені, тау ешкіні, еліктерді қорек ететін қар барысын аулауға тиым салынған. Санының кеміп кетуіне байланысты халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Жақсы хабар жерде жатпайды. Кеген ауданындағы Көлсай өңірінен адамзатқа аты мәлім қар барысының ұшырасқаны жайлы жылы хабар бізді де қуантып тастады. Саты ауылындағы «Көлсай көлдері» мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінде екен. Мән-жайға қанықтық. Көзге тым-тым сирек ұшырасатын, жан баспайтын жерлерде жүретін, тұратын мекен-жайы да оңайлықпен көзге түсе бермейтін қар барысын бүгінгі «Көлсай көлдері» МҰТП орналасқан Күнгей Алатау таулары сілемдерінен, Шелек өзенінің жағалауынан өткен ғасырдың 1940 жылдарынан бастап кешеге дейін С.И.Огнев, А.К.Федесенко, Ю.А.Грачев, В.А.Жиряков, Р.Ж.Байдәулетов, А.Ж.Жатқанбаев, М.В.Леветин, А.Д.Жаныспаев секілді бірқыдыру зерттеуші ғалымдар, зоология институтының мамандары байқаған.
Азулы аңның кездесу аймақтары немесе олардың жүріп өткен іздері Шелек өзенінің жоғары ағысы маңынан, Қарасай, Қарақия, Орта және Үлкен Өрікті, Құдырғы, Талды, Күрмекті, Көлсай, Қайыңды шатқалдары маңынан теңіз деңгейімен есептегенде 2000-3600 метр биіктікте кездескен.
Соңғы жылдары қар барысының іздері Ұлттық парк аумағына тиесілі өңірлерде кездескені жиі тіркеліп отыр. Айта кетейік, 2012 жылғы қазан айында Көлсай шатқалынан екі қар барысын парктің аң танушы маманы М. Әлімқұлов көрген. Аталған шатқалдан екі жерден – Көлсай және Құрметі сайларының су айырық адырында теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте және бірінші мен екінші көлдердің ортасында, таудың оңтүстік беткейінде теңіз деңгейінен 2100 метр биіктікте қар барысының іздері кездестірілген.
Ұлттық табиғи парк аумағында автоматты түрде түсіретін бейне камераларды (фотоловушка) орнату арқылы өңірдегі жан-жануарларды бақылау мақсатында зоологиялық зерттеу жұмыстары қолға алыныпты.
Бұл маңызды әрі қызықты бейне бақылау іс-шаралары нәтижесіз емес. Олардың көмегімен марал, елік, тауешкі, қабан шошқа, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, қасқыр, борсықы сияқты көптеген аңдардың бейне таспаға түсіп қалған түсірілімдері алынып, сақталынып қойылған. Алғаш рет аталған қондырғылар небары 5 күнге орнатылғандықтан қар барысы камераға іліге қоймаған.
Үстіміздегі жылы зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасын тауыпты. Орта және Үлкен Өрікті шатқалына 5 маусым мен 25 шілде аралығында өңірдегі аңдардың тыныс-тіршілігін бақылау мақсатында 5 қондырғы орнатылған. Орта Өрікті шатқалында теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте орнатылған бейне режімде жұмыс істеп тұрған қондырғының біріне қар барысының 3 мүшесінің, атап айтқанда, аналығы және былтыр туған екі күшігінен тұратын тобы түсіп қалған. Сөйтіп, «Көлсай көлдері» МҰТП-нің зерттеуі нәтижесінде қар барысы тұңғыш рет осы өңірде камераға түсіріліп алынды. Парктегі компьютерден камераға ілігіп қалған бірер минуттық, азғантай тамаша сәттік көріністі көзімізбен көрдік. Былтыр туған екі күшігі де іріленіп кеткен. Айласы мықты, айбары бөлек, айбыны асқақ ерекше жануардың өлкемізді мекендеп келе жатқаны да таңдандыра қоймайды. Солай болуы керек те сияқты. Өңіріміздің сан ғасырлық болмыс-бітімі, бағасы сонысымен қымбат, сонысымен келісті де көркем. Соған қуандық.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.