Қарақыстақ ауылында тұратын Естеу Байжұмаев таудағы аң-құстардың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Мәселенің мәнісін білмекке алдымен өзіне жолыққан едік. Табиғат жанашырымен тілдескенде, біраз жайға қанығып, мұның шынымен де мемлекет тарапынан шара қолданатындай жағдай екеніне көз жеткіздік.
«Туған жерім, айналдым, Қарақыстақ,
Сенде өтті алаңсыз балалық шақ.
Алыс жолдан бұл күнде келем аңсап,
Құшақ жайып тұрасың анама ұқсап.
Суықтөбе, Майтөбе, Қарақия,
Көктөбе мен Ақтасты алтын ұя.
Сені жырлап, туған жер, еске алып,
Бойымызға жүреміз қуат жия» деп, осы ауылдың төл перзенті, белгілі балалар жазушысы Мұхаметжан Етекбаев суреттеген, биыл туғанына 90 жыл толған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың кіндік қаны тамған Қарақыстақтың сұлу табиғаты талай көркем шығармаға арқау болғаны белгілі. Алайда ауылдың тау жағындағы шеткі көшеде тұратын Естеу ағамыздың бұл күнде көңілі жабырқаулы. Себебі табиғаттың сәні тайып, көк бөрінің көрінбей кеткеніне алаңдайды. Түлкі мен қарсақтан да көз жазып, қарға-құзғынның да үні естілмей барады. Көрікті мекеннің табиғат сақшысына айналған жан туған жердің аң-құсына асқан жанашырлықпен, қамқорлықпен қарайтын еді. «Бұл менің балабақшам ғой» деп, бел-белесіне сүйсіне көз салатын. Туған жер төсінің қызығы тарқап, сүреңсіз күйге түсуі ауыл азаматының жанын жегідей жеп, арқасын аяздай қаритынын анық аңғардық.
«Бала кезімізде туған жеріміздің тасы мен талынан ойыншық жасап, сағым қуып, ой-шұқырын жаттап өстік. Мөлдіреген суына түстік, жемісін жедік. Маңдайымыздан майда самалы сүйіп, әлдилеп, аялап өсірген жерімді «балабақшам» демей, не дейін?! Бұл жерде бақытты балалық шағымыздың табы сайрап жатыр. Менің құлағыма құстардың үні келсе анамның әлдиіндей сезіледі. Ал, аң-құсын, әсіресе, көк бөріні көзім шалғанда әкемнің қайратын көргендей боламын. Тұла бойыма қуат, жігер құйылады. Бұл табиғаттың құдіреті емес пе?! – дейді ол.
Айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын Майтөбенің басындағы мұздықтар еріп кетті. Әйтпегенде күн сәулесімен шағылысып, «мен мұндалап» ақ маржандай жылтылдап жататын еді. Әлемдік жылынудың әсері шығар. Қасиетті саналатын құрқылтайдың ұясы да сиреп кетті, оған зауал бас пайдасын көздеген адамдардан келіп жатқан болар. Бұл күнде оның жанына бататыны – Майтөбе, Ақтастының баурайындағы түз тағыларының жоғалуы. Себебі осы өңірдегі қасқырлардың жыл сайын есеп-қисабын жобалап отыруды әдетке айналдырғандықтан, мұны айдан анық байқаған.
Аңшылықты жетік біледі. Қасқыр деген жыртқыш болғанмен өте айлакер, ақылды аң екенін айтады. Үйірін қызғыштай қорғайды. Олардың белгілі бір аумағы болады, бір-бірінің аумағына аттап баспайды. Сол арқылы табиғат сақшысы көк бөрінің өсіп немесе кемуін бақылап отырады. Қазір қолына аңшы қаруын ұстаған адам нысанаға іліккенін жайратып салады. Ал көнекөз аңшылар олай етпеген. Аң аулаудың өзіндік заңдылығын сақтаған. Мысалы, бөлтірігіне тиіспеген. Елік лақтап, қасқыр күшіктейтін мезгілде аң ауламаған. Ата-бабамыз кәсіпке айналдырған аңшылықтың қыр-сырын Естеу аға таңды таңға ұрып айтуға бар. Алайда 2018 жылдан бері бұл тақырыптың аясы тарылып, тіптен қасқыр мен түлкінің ізін көрмейтін халге жетіпті. Сол жылдардан бері қарай бірнешеуінің өлексесін кезіктірген. Алғашында «бұл қалай болғаны?» деп түсіне алмай жүріпті. «Уақыт өте келе оның басты себебі – аты мен заты белгісіз қытайдың сұйық дәрісінде екендігін ести бастадық», – дейді.
Өкінішке орай, табиғат пен аң-құсқа қиянаттың көбі адам қолымен жасалады деп ой түйген табиғат жанашырының айтуынша, малдың өлексесіне әлгі «беймәлім» сұйықтықты себетін болса, оны жеген аң мен құс сол мезетте сеспей қататын көрінеді. Мұны малын қасқырдан аман сақтап қалудың ең оңай жолы санайтын малшылардың кейбірі осы әдісті пайдалануы мүмкін деген ой қылаң бермей қоймайды. Соның салдарынан болар, өзен бойынан қасқыр мен түлкінің, тіптен, тазқараның да өлекселерін өз көзімен көріп, судан шығарып алған сәттер жиілеген. Уланған өлекседен өзендегі балықтың, одан нәр алатын жан-жануар мен өсімдік атаулының зардап шекпесіне кім кепіл?! Осыдан соң бір ғана «белгісіз» препараттың пайдасынан зияны басым екенін сезінесіз.
– Содан бері қарасы азайғаны былай тұрсын, көзден ғайып болды. Былтырғы жылы екі қасқырдың ізін көзім шалған еді, шамасы қасқыр өлген иесіз аумаққа ауып келген болу керек. Алайда қуанышым ұзаққа бармады, олар да жоқ болды. Қазір түлкі де дүрбіге ілінбейді. Есесіне қасқырдан ығып жүретін сілеусін көбейіп келеді. Осылай жалғаса берсе, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Әрбір аң мен құс табиғаттың реттеушісі, санитары іспетті. Мәселен, қасқыр кемісе суыр көбейеді, ал суырдан індет таралуы мүмкін. Сондықтан оқ-дәріні бақылауда ұстағандай, мына улы дәрінің сатылымына да шектеу қойып, мұның аса қауіпті екендігінен малшыларды хабардар етіп, оны қолданбау қажеттігін түсіндіру керек. Жайлауды қызғанбаймын, малын жая берсін, бірақ бәріміз де табиғат-ананы аялауға тиіспіз, – деген ол бұл мәселенің сөз күйінде қалмай, нақты шара қолданылып, жөнсіздікті тоқтату қажеттігін қайталап айта берген.
Естеу Болатбекұлының жанайқайына ауылдық, аудандық әкімдік қызметкерлері бей-жай қарамай, нақты шараларды бастап кеткендігін білдік. Оны аудан әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев баяндап берді. Оның айтуынша, бұған дейін аңдардың өлуіне байланысты арыз-шағым түспеген еді. Бұл мәселе көтерілгелі бері ауылдық округ әкімдері мен ветеринарлық қосын өкілдері тарапынан шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, жайлауға шығатын малшылардың ең алдымен қонысын, төңірегін таза ұстауы, өлген малдың өлекселерін өзенге немесе көрінген жерге тастамай, арнайы типтік мал қорымдарына жинау керектігін және жоғарыда айтылған улы препараттарды пайдаланған жағдайда заң алдында жауапқа тартылатыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті.
«Бұл проблема біздің ауданда ғана емес, жалпы қоғамда азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды меңзейді. Бұл қазіргі кездегі ең маңызды міндет», – деген аудан әкімінің орынбасары түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Осыған орай, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл аудандық инспекциясының басшысы Қуаныш Назарбеков осы ауданда орналасқан ветеринарлық дәріхана иелері және шаруа қожалықтары жетекшілерінің қатысуымен жиналыс өткізіліп, онда ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сату мен өткізудің заңды ережесі, сонымен қатар рұқсат етілмеген, белгісіз және улы ветеринариялық препараттарды сақтау мен өткізудің заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Табиғат жанашырларын алаңдатқан мәселеге байланысты белгісіз улы ветеринариялық препаратты сатқан ветеринарлық дәріхана иесі жазаға тартылыпты. Атап айтқанда, ҚР «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 Заңының 24-5-бабының 6-тармақшасын бұзғандығы бойынша, Ветеринария саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабына сай 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, заңға сәйкес ветеринариялық препараттарды сақтау мен сатуда қауіпсіздік талаптарын сақтау, сапа көрсеткіштері туралы толыққанды ақпарат алу қажеттігі түсіндірілген. Әкімдік қызметкерлері бұл шаралардың ветеринариялық дәріхана иелеріне ғана емес, жайлау төсіндегі малшылар қауымына да насихатталатынына бізді сендірді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек», – дей келе, «Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің өлшемі. Ал бұл жағынан біздің жағдайымыз мәз емес» деген болатын.
«Иттің иесі болғанымен, бөрінің Тәңірі бар» деген. Бабаларымыз кие тұтқан көк бөрінің жойылып кетуінің алдын алып, аң-құсты қорғау жұмыстарын ширата түскен абзал. Нарық заманында жекеменшік көзқарас санамызға қанша дендеп енді десек те, қоршаған ортаға деген жанашырлық пен жауапкершілік төмендемеуге тиіс. Мұны әсіресе табиғатқа жақын жүретін малшы қауымының естен шығармауы маңызды. Малым ғана емес, аң-құс та аман болсын деген түсінік қалыптасуы ауадай қажет-ақ. Өйткені тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтап, қорғау – жер басып жүрген әр адамның перзенттік борышы мен азаматтық міндеті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Суретті түсірген: автор.
Жамбыл ауданы.