Олжас Утепов пен Нұрбол Оңғаровтың бүгінде жас шоумен, актер ретінде танымалдылығы артып келеді. Бұл сөзіміздің дұрыстығын «Балапан» арнасындағы «Қуыр, қуыр, қуырмаш» бағдарламасының тұрақты көрермендері жақсы біледі. Сонымен қатар, бірнеше бейнеклип, вайндарға және «Серік-бол» фильміне түсіп жүрген жас жұлдыздар қазір Шамалған ауылындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқиды. Жақында олармен жақын танысып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Олжас пен Нұрбол актерлік шеберліктерінің екінші сыныпта мектеп қабырғасындағы көріністерден бастау алғандығын және бүгінгі жеткен жетістіктерінің барлығы Сәкен Сариевтей ұстаздарының арқасы екендігін әңгіме басында айта кеткенді жөн санады. Нұрболдың алғашқы экранға шығуы «Әйел бақыты» бағдарламасымен байланысты екен.
– Бағдарлама тақырыбы «Желіні жарғандар» болды, оған менің ғаламторда жүрген биіме таңданыс білдіріп шақырған болатын, – деді Нұрбол. – Серікбол Сайлаубектің «Ой, жеңге» атты әніне билегенім ғаламтордан бір-ақ шығып, желіні жарған еді. Екінші рет Бейсен Құранбек ағамыз «Айтуға оңайға» шақырды. Ол бағдарлама «Жұлдыз деген кім?» деген тақырыпта өтті.Үшінші мәрте «Асаба жасқа қарамайды» деген тақырыппен «Кешкі кездесу» ток-шоуына да Олжас екеуміз барып сұхбат бергенбіз. Осылай ақырындап көпшілікке таныла бастаған жайымыз бар.
Қызығы, Нұрбол мен Олжасты көргендер жасты деп ойламайды. Себебі, Олжастың бойы ұзын, ірі болса, Нұрболдың бойы да, өзі де кішкентай.
– Атама тартқанмын, ол кісінің де бойы аласа болған. Бой бермегенімен ой берген маған, – деген әзілімен сұхбат кезінде көңіл күйімізді көтеріп отырды Нұрбол.
Ұстазы Сәкен мен шәкірті Нұрбол екеуі ұқсағандықтан, көбісі әкесі Сәкен мен баласы Нұрбол деп жататын көрінеді.
Талайды таңдай қақтырып жүрген бұл жеткіншектердің жеткен жетістіктері көп. Айта кетсек, елімізде өтетін КТК ойындарында алған Есен Елеукенің арнайы Алғыс хатын алып, бертін келе Алматы қаласында өткен көптеген ашық лиганың бас жүлдесі мен үздік ойыншысы атанған. Қанжығаларына байлаған мақтау қағаздары мен, кубоктары қазір мектеп қабарғасында ілулі тұр.
Бір партада отыратын осындай сыныптастардың бірге көгілдір экранға бейнеклип, вайн, фильм және әртүрлі телебағдарламалар арқылы шығуының өзі бір бақыт. Жас актерлердің армандары жақсы актер болу екен. Олжас тоғызыншы сыныптан соң Темірбек Жүргенов академиясының колледжіне түскісі келсе, Нұрбол Республикалық цирк колледжіне тапсырамын деп отыр. Сәттілік тілейміз!
Енді осы қазақтың екі қарапайым қарадомалақ баласын жұлдыз еткен ұстаз туралы айтпасақ айып болар. Сәкен Сариев 2005 жылы Шамалған ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінен түлеп ұшып, Қаскелең қаласындағы Мәдениет колледжіне түседі. Оқуын аяқтап, колледж дипломын алып, 2010 жылдан бері Шамалған ауылындағы орта мектепте ұйымдастырушы-педагог қызметін атқаратын ол оқушылары Нұрбол мен Олжастың бойындағы дарынды бірден байқап, сахна тәрбиесін бере бастаған. Екеуі үлкен сахнаға КТК ойындары арқылы қадам басты дейді, Сәкен.
– Неге тек осы екі баланы тәрбиелегенімді айтсам, мен Нұрбол мен Олжасқа алғаш сабақ бергенімде екеуі парталас болып отыратын. Біреуіне қарасаң аласа, ал екіншісі үлкен. Содан, Нұрболға: «Сен бұл сыныпта оқымайсың, адасып кіріп кеткенсің бе? Өз сыныптастарыңа бар!» – дедім. Кейіннен екеуміз қалжыңдасатын болдық. Осы екі баланы шыңға көтеріп, халыққа танымал қылсам бағындырған белесім сол болар, – деді Сәкен.
Біз де таудай талаптары тас жарып, үлкен сахнаға осы бастан жол таба білген жас дарындардың алдағы талпынысы талай биіктерге жеткізетініне сенеміз.
Жұмабек СМАМУТОВ.