Қазақ қашаннан итті жеті қазынаның біріне балайды. Иттердің иісшілдігі, саққұлақтығы жанарының өткірлігі мен жүйріктігі, шыдамдылығы мен күй талғамайтын қасиеттері бағалауға тұрарлық. Қазіргідей ғылым мен жоғары технологиялардың дамыған заманына қарамастан қауіпсіздік саласындағылар оларды әлі күнге дейін өздерінің қызметтерінде пайдаланып келеді. Төрт аяқты көмекшілер серіктестерімен бірге шекараларды күзетіп, заңсыз заттарды табуға және де қылмыскерлерді ұстауға атсалысуда.
Таяуда Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер ауылындағы 6654 әскери бөлім базасында ҚР Ұлттық ұланының кезекті біріншілігі өткізіліп, қауіпсіздік саласында қызмет ететін иттердің біліктілігі мен шеберлігі анықталды.
Оған Бас қолбасшылықтың жауынгерлік қызмет Бас басқармасының кинологиялық қызметінің бастығы подполковник Дмитрий Гареев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы кинологиялық қызметінің бастығы, подполковник Жәнібек Қалыбеков, 6654 әскери бөлімінің Кинологиялық орталығының бастығы, подполковник Альмир Файласов қатысты.
Жарыс барысында кинологтардың қызметі әртүрлі параметрлер мен критерийлер бойынша бағаланды. Олар өздеріне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, кәсіби шеберліктерін көрсете білді.
Төрт күнге созылған іс кезушілер сайысында әскери кинологтар өз қызметтік иттерімен түрлі әдіс-тәсілдерді көрсетті, кедергілерден өтіп, жол бойынан және басқа жерлерден инженерлік қару-жарақ пен жарылғыш заттарды іздестірді. Тергеу амалдарын жүргізіп, маңдай тұстан шабуылдауды ұштады, қашқан заң бұзушыны ұстап, күзетті. Олардың басшылыққа алған құжаттармен жұмысы да сарапқа салынды. Жарыстың бас төрешісі, ҚР Ұлттық ұланы кинологиялық қызметінің бастығы Василий Горюновтың айтуынша, қылмысты ашу мен күдіктіні құрықтауда қызметтік иттің дайындығы мен нұсқаушының кәсібилігі елеулі рөл атқарады.
Қызметтік иттермен олардың серіктестерінің өзара жұмыс жасауы, кәсіби шеберліктері сыналған жарыс қорытындысы бойынша командалық біріншілікте «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кинологтары жеңімпаз атанса, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы ІІ орын алып, Астанадағы 5573 әскери бөлім ІІІ орынды иеленді. Ал жекелей сында жарыс қорытындысына сай тергеу бөлімінде 3514 әскери бөлімінің (Курчатов қ.) кинологиялық қызмет тобының аға нұсқаушысы, ефрейтор Мәулен Қайырбаев «Айза» қызметтік итімен бірге І орынды иеленді. 5513 әскери бөлімінің (Тараз қ.) аға нұсқаушысы, аға сержант Абылай Адасханов «Махно» қызметтік итімен ІІ орын алды. Ал 5573 әскери бөлімінің (Астана қ.) кинологиялық қызмет тобының нұсқаушысы, кіші сержант Александр Пуц «Тайсон» қызметтік итімен үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Жарылғыш заттарды іздеу байқауында 6506 әскери бөлімінің (Шымкент қ.) кинологиялық қызмет мамандары тобының бастығы, сержант Ерболат Асанов «Риза» қызметтік итімен жеңіске жетті. 3514 әскери бөлімінің аға нұсқаушы-кинологы, ефрейтор Мелис Қайырбеков «Сақ» қызметтік итімен ІІ орынды иеленді, ал 5573 әскери бөлімі-нің кинологиялық қызмет тобының аға нұсқаушысы, сержант Болат Әлжанов «Эльза» қызметтік итімен ІІІ орынға лайық деп танылды.
Іздеу қызметі бойынша 5511 әскери бөлімінің (Семей қ.) аға кинолог-маманы сержант Архат Бөкенбаев «Леда» қызметтік итімен топтан озды. 5516 әскери бөлімінің (Теміртау қ.) кинологиялық қызмет тобының аға маманы, сержант Алтынбек Қалданов «Дик» қызметтік итімен ІІ орын алса, 5513 әскери бөлімінің аға нұсқаушысы аға сержант Әлімхан Жанпейсов «Аргон» қызметтік итімен ІІІ орынды иеленді.
Жеңімпаздардың барлығына кубоктар, медальдар және дипломдар табысталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Еңбекшіқазақ ауданы.