Өнерді құрметтеген халық шеберлерді де ізгі ілтипатпен елдің құрметті адамдарының қатарына қосқан. Қандай да болсын шығармашылықтың қоғамдық мәнін бағалаудың басты өлшемі, әлбетте, оның идеялық бағыты болып келді және солай болып қала береді. Бүгінгі біздің кейіпкерді қолынан өнері тамған шебердің бірі десек артық айтқандығымыз болмас. Жұмыстан тыс уақытта нәзік қолымен майысып өрнек тігіп, тойбастар себетін жасайды. Ал, қызмет бабында бар білгенін шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын ұстаз. 8 наурыз – нәзік жандылардың мерекесі қарсаңында Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебіндегі директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары, ұлағатты ұстаз Маржанай Қыдыралиева жайлы әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
Тігінші, күй шерте білетін, діни сауаттылығы жетік, арасында ән салатын, үйлестіруші, белсенді қызметкер, негізгі мамандығы – мұғалім. Осынау сан қырлы қасиет бойынан табылатын Маржанай Қалшеріпқызының өнері көпке өнеге болары анық. Адам баласының ес біліп, өскен шағында өзінің жүрегіне жақын, шын айналысқысы келетін ісі болады. Шынайы ұнататын ісімен шұғылданғанда керемет дем алады және ол әр кісінің мінезіне сай түрліше болмақ. Сол секілді Маржанай апайымыз өзінің көңіліне қонымды істі қолына алған. Он саусағынан туындаған қолөнер туындылары қазіргі таңда сұранысқа ие. Айтуынша, бұндай іспен айналысамын деп мүлдем ойламаған.
Ол 1976 жылы 18 қазанда Қарақалпақстандағы Қоңырат ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Қазақстанға көшіп, Жібек жолы ауылына қоныс тепкен. Маржанай әпкеміз ауылындағы Алтынсарин мектебінде оқыса, әкесі Қалшеріп Қыдырәлиев пен шешесі Шәрігүл Айтмұратова осы білім ордасында мұғалімдік қызметте істеген. Қазір екеуі де зейнет жасында, немерелерінің тәтті қылығына тоймай, әдемі қартаюда. Қос ұстаз жеті баланы өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ал, біздің кейіпкерміз сол жетеудің төртіншісі. Қақ ортасында болғандықтан барлық өнерді Маржанай әпкемізге үйіп-төгіп бере салғандай. Ару қыз мектепті аяқтаған соң, мамандық таңдауда көп ойланбаған. Бірден ата-анасы салған жолдан таймастан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар университеті) «бастауыш сыныптар оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Осылайша, өзі оқыған білім ұясына жаңа мәртебеде, яғни, мұғалім болып оралады. Ізденімпаз, жақсылыққа жаны құмар ұстаз бір орнында тұрып қалмай, өзінің әрдайым біліктілігін жетілдіруден жалықпайды. Дегенмен, ойындағы идеясы, бойындағы энергиясы кейіпкерімізді жаңа қырын ашуға жетеледі. Ара-тұра іс-шаралар да мектеп ішін ерекше етіп безендіретін өнері бар еді. Маржанай әпкеміз бұл қабілетін өз ортасында ғана емес, көпшілікке таныстыруды көздейді. Мінекей, дәл осы сәттен туындыларын басқа жандарға да ұсынуда. Оның еңбектері біраз адамдардың көңілінен шығып, өздерінің той-жиындарын безендіруге тапсырыс береді. Ұстаздық қызметтегі әпкеміздің еңбек демалысы дәл қазақтың тойы қызатын уақытқа дәл келгендіктен, еш алаңсыз хоббиімен айналысады. Осылайша, безендіру стилі көпшіліктің көңілінен шығып, талай-талай мерекелік кештердің, отбасылық жиындардың, балалар туған күндерінің көркін кіргізген. Тойдың ортасында жүргендіктен, ол тағы бір сұранысқа ие тойбастар себеттері екеніне көңіл аударады. Иә, өздеріңіз түсінгендей ерінбейтін әпкеміз осыны «мен жасап көрсем қалай болады» деп ойлайды. Сөйтіп, жұмыстан тыс уақытта үйде отырып себет тігудің жолдарын қарастырады. Барлығымыз білетіндей, тойбастар тойға келген қонаққа осындай қуаныш жұғысты болсын деген ниетпен таратылатын кәде-сыйлар. Заманның өзгеруімен тойбастар да түрленіп, жаңарып, алуан түрлі сипат алуда. Әпкеміз осының барлығын ескеріп, өз стилін қалыптастыруды мақсат етеді. Алдымен «Киндер сюрприз» шоколадының пішінін үлкен көлемде етіп жасайды. Бұл жаңашылдығы өзіне ұнағанымен, басқа ешкімді қызықтырады қоймас деген ойда жүреді. Дегенмен, сұранысқа ие болып, көпшілігі балаларына сыйлық ретінде, тіпті, кейбірі қырқынан шығару, бесік тойларға тойбастар қылып алыпты. Аталған істі бастаған соң бір орында тұрып қалмай, деңгейін арттырып үлкен, ауқымды тойларға тойбастар себеттерін жасауды бастапты. Алғашында қиынға соққанымен ізденуінің арқасында біртіндеп әдемі қалыпқа келіп, себеттің ерекше үлгілері пайда болады. Себеттердің суретін әлеуметтік желіге жүктеген соң, тапсырыстар түсе бастайды. Қазіргі уақытта тұтынушының қалауынша себеттерді әртүрлі етіп құбылтады. Той және шашу табақтар, тойбастар себеті, сырға салатын қобдишалар жасайды. Бастысы, әрқайсысының сапалы әрі әдемі болғанын бар жауапкершілікпен қадағалайды. «Қолыңа осы істі алғанда жұмыстан шаршап келгеніңді бір жолата ұмытасың», – деп ой бөлісті Маржанай тәте. Оның сөзінен аңғарғанымыз, шебер әпкеміз үнемі ізденісте жүреді екен. Ғаламтордан көрген әдемі бұйымды жасап шығаруға тырысады. Әсіресе, қазақ қолөнеріне жақын бұйымның жасалу әдісін үйренуге асығады.
– Қазақ қолөнері – қиын да қызық жұмыс. Технология мықты дамыған қазіргі заманда қолөнерге ескі үрдіс деп қарауға болмайды. Оларға заманауи үлгіде түр беру керек деп ойламын. Бұйымдардың бәрі үй жағдайында жасалатын болғандықтан, ол кезде біраз қиындықтардың болғаны рас. Сол өзім кездестірген кедергілерден түйген тәжірибеме сүйеніп, бүгінде жақсы нәтиже шығарып жатырмын, – дейді ол.
Еңбексүйгіш, ізденімпаз Маржанай Қалшеріпқызы балаларын да сабақтан бос уақытында пайдалы іспен айналысуға машықтандыруда. Жолдасы Құралбай Тәжімбаев екеуі бір ұл,екі қызды тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Малика қазір Қарағандыда жоғарғы оқу орнында оқыса, кішісі Жасмин 6-сыныпта, анасы іс тіге бастағанда қасынан шықпайды. Ал, ұлы Елдос болса медицина мамандығында оқып қана қоймай, арнайы аппарат арқылы ағаштан түрлі үлгідегі бейнелер салып, қойын дәптерлер мен әмиянның сыртына жазулар жазады. Қолғанаты да, тапсырыстарды жақын араға жеткізетін, алыс аймаққа поштамен салып жіберетін де осы балалар. Байқағанымыздай, отбасымен қолөнерге өте жақын. Маржанай әпкеміз қазақ оюларын тігетін және матаға жазу түсіретін арнайы машина алуды армандайды. Себебі, қазақ қыздары күнделікті киетін киімдерінде қазақ оюлары жарқырап тұрса дейді. Әрине, әпкеміз үшін қолөнер хобби ретінде қала береді. Оны тек бос уақытында ғана жасап қоймай, халық игілігі үшін іске асыруды ойлайды.
–Жұмыстың ең қиыны бірден бастап кету. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демей ме? Өзің тіккен бұйымның әрқайсысы ерекше ыстық. Көз майыңды тауысып дайындаған бұйымыңды бағалап, оны басқалар қолданып жүргенін көргенде іштей қуанып қаласың, – деді ол бізбен әңгімелескенде.
Қазіргі өркендеген заманда жұмыс істеймін деген адамға кәсіптің түрі жетіп артылады. Сәндік қымбат маталардың тігісін әсемдеп тігу асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді. Сонымен қатар, өз білгенін жас қыздарға үйретеді екен. Шәкірттері де бұл іске әбден машықтанып алған. Десе де Маржанай Қалшеріпқызының бұл хоббиі жұмысына ешқашан кедіргі келтірген емес. Ұстаздық қызметте табылжылмастан істегеніне ширек ғасырға жуықтаған. Қай салада да алда жүргенді жақсы көрді, мұғалім болып бағындырған шыңдары аз емес. Атап айтқанда, облыстық білім саласындағы бақылу департаментінің, «Жарқын болашақ» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының және тағы да ауданның, облыстың Алғыс хаттарымен марапатталған. Оған қоса республикалық деңгейдегі «Ана жүрегі», «Ғасыр ұстазы» төсбелгілерінің иегері. Сайлау науқаны кезінде белсенді қызметкер екенін айтпасқа тағы болмас. Өткен жылы аудандағы ең үздіктер қатарында осы кісі істеген сайлау учаскесі атанған. Мектепте өткізілетін іс-шаралардан да шет қалмайды, ән салып, күй шертіп, өнерін көрсетеді. Біз де еңбекқор әпкеміздің болашақта алға қойған армандары орындалатына нық сенімдіміз. Оның қарбаласқа толы жұмыспен қатар жасаған еңбектерінің жемісін көруіне тілектеспіз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.