Ұлттың бірлігін бекемдейтін, ырысты ынтымағын жарастыратын елдіктің мейрамы болып саналатын бүгінгі Республика күнінің маңызы қашанда айрықша. Айтулы күн ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен былтыр ұлттық мерекелердің қатарына қосылған еді. 13 жылдан кейін мемлекеттің мерейін үстем етіп, қайта тойланып жатқан республика күнінің астарында үлкен мән-мағына, таңбаланған тарих жатыр.
Дерекке сүйенсек, 1990 жылы 25 қазан күні «Егемендік туралы» декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздікке, бостандыққа бет бұрды. Осылайша егеменді ел атанудың алғашқы қадамдары басталған еді. Сондықтан тарих қалыптастырған бұл күннің біз үшін маңызы жоғары деп білемін.
Күні кеше Президентіміз ұлттық мерекені ұлықтау рәсімінде Республика күні халықтың болашаққа сенімін нығайтатын ерекше мейрам болуы керек екенін қадап айтты. Мемлекет басшысының ойынша, осы мақсатта патриоттық, қайырымдылық және волонтерлік іс-шараларды көптеп ұйымдастырған жөн. Қасым-Жомарт Кемеұлының бұл орамды ойы өте орынды айтылған деп есептеймін. Сондықтан осы бағытта ел дамуы жолында аянбай еңбек етуіміз керек.
Бүгінгі мерейлі мереке баршаңызға құтты болсын! Егеменді еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болып, құт дарыған Отанымызда тыныштық орнап, бейбіт өміріміз жалғаса берсін.
Тұрсын Сайбырова,
В.Белинский атындағы орта мектептің директоры.