«Nur Otan» партиясының, «Халыққа көмек» жобасы аясында, аудандық филиалының ғимаратында облыстық мәслихат депутаты Мұхит Үмбетов қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың өтініштері бойынша бірнеше түйіткілді мәселе қозғалып, біраз шаруалардың түйіні шешілді. Нақты айтқанда, қабылдауға жазылған азаматтардың басым көпшілігі ауылға қажет жарық мәселесімен келген. Бұлардың барлығына халық қалаулысы тиісті көмегін көрсетіп, шешімін қарастырды. Атап айтар болсақ, Жаңашамалған ауылдық округінен Роза Қосалиева 2009 жылы салған үйіне осы күнге дейін жарық қосуға жеткілікті қаржыны жинақтай алмай келеді. Бұны ескерген мәслихат депутаты азаматшаның өтінішіне байланысты аудандық электр жүйелер торабының басшысы Ерлан Момбаевқа жеңілдік қарастыруды тапсырды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен Сәуле Баймұратова Ұмтыл ауылдық округіндегі жаңа үйлер жақтан, үш жыл бұрын салған баспанасына, елді мекеннен алыс орналасқандықтан жарық қостыруға көлемді сома талап етілгендіктен, мүмкіндігі болмай жүр екен. Сәуленің жағдайын тыңдаған Мұхит Әбікенұлы тұрғылықты жеріне электр бағанасы келгенше, келісімшарт арқылы уақытша жарық түсіріп беретінін айтты. Келесі өтініш білдіруші Қаскелең қаласының тұрғыны, жалдамалы пәтерде тұратын көп балалы, жалғызбасты ана Акзайда Бекбуминоваға халық қалаулысы қаржылай көмектесетін болды. Мұхит Әбікенұлы мәселелердің уақытымен шешілуін тікелей өз назарына алатынын жеткізіп, қабылдауды қорытындылады.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.