Өткен аптада Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты бірқатар мәселелер әңгіме арқауына айналды. Отырысты ашқан кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов алдымен қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, оларды белсенді түрде талқылауға шақырды.
Алғашқы кезекте аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев «Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің 2021 жылдың он айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы» есеп беріп, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы деңгейде, осы бағыттағы көптеген істер жүйелі жүргізіліп отыр. Экономиканы алға бастыру, ол үшін жоспар құру мәселесі де тиісті дәрежеде. Осыған орай кеңес мүшелері Едіген Жүнісбеков, Сағат Мәсімақынов, Орынбай Жанәділ өз ой-пікірлерін білдіріп, алда да жұмысты одан ары өрге бастыру тұрғысындағы ұсыныстарын айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – «Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімінің халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуі бойынша және аудандағы жер қатынастарының жай-күйі туралы» аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Атайбекова хабарлама жасады.
Бұл қазіргі кездегі ең өзекті жағдайдың бірі. Сондықтан кеңес мүшелері жіберіліп отырған кемшіліктерді жедел жойып, істі ілгерілетуге байланысты бірқатар ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Қаныбек Айтжанов «Біз құқықтық мемлекетпіз. Ендеше, жерге қатысты мәселенің барлығы да заңдық тұрғыда, заң талабы бойынша шешілуі керек» деп атап айтса, Сағат Мәсімақынов жеке тұрғын үй салуда көбіне тәртіптің жоқтығына назар аударды. Ал, Несіпбала Әбділдаева «Тұрғындар жаны қалмай алсақ болды деп, инфрақұрылымы жоқ аймақтан жер иесі атанады да, артынан бізге тез арада жол, су, электр энергиясы, газ керек деп «айқайға» басады, сол себептен шынында да, осы орайда тәртіп керек» десе, Орынбай Жанәділ де бұл ретте өзінің ойын орнықты жеткізді.
Үшінші мәселе – «Қарасай ауданындағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы бойынша 2021 жылға бөлінген қаржының жұмсалуы және бекітілген нысандардың жылдың аяғына дейін толық және сапалы аяқталуы туралы» кеңес мүшелері аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Машрапов пен аудандық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаевтың есебін тыңдады.
Осы орайда алдымен сөйлеген Қаныбек Айтжанов «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі мектеп құрылысының мән-жайын айтып беруді сұрады. Ал, Едіген Жүнісбеков құрылыс жұмыстарының жоспарға сай уақтылы басталмайтынын атап көрсетіп, мұндай практикадан арылу қажеттігін жеткізді.
Сол сияқты Едіген Жүнісбеков, Қаныбек Айтжанов, Әмина Абдраманова, Орынбай Жанәділ, Сағат Мәсімақынов жол құрылысы мен жол жөндеуге қатысты ұсыныстарын айтты.
Отырыста, мұнымен бірге, аудандық Жастар ресурстық орталығының бас маманы Жарқынай Садуова «Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай атқарып отырған жұмыстары туралы» баяндады. Орталық бұл бағытта көп жұмыс істеген, олар алдын ала жоспарланған. Облыс бойынша алдыңғы лекте келеді. «Дегенмен, – деді бұл мәселеге байланысты Қаныбек Айтжанов, – жастар өздеріне тән күш-жігермен барлық жерде де барынша алда жүріп, жастық жалынмен реалды жұмыс істеуі керек!» Бұл пікірге Несіпбала Әбділдаева да толық қосылатынын білдірді.
Күн тәртібіндегі ең соңғы мәселе – «Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы заңнаманы сақтау бойынша Іргелі ауылдық округі әкімінің есебі туралы» ауылдық округ әкімінің орынбасары Өміржан Әбсаматов хабарлама жасап, кеңес мүшелерінің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Осы орайда Едіген Жүнісбеков «Жергілікті әкімдіктер халықтың қалың ортасында отырғандықтан, елге ие бола білуі керек, ең алдымен ел бірлігін сақтауы қажет. Елмен жұмыс істеуде үлкен, кіші деген мәселе болмауы тиіс» деген орынды пікірін айтты.
Отырысты кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынұлы қорытындылады. Қаралған мәселелер бойынша, кеңес мүшелерінің ұсыныс-тілектерімен толықтырып, қабылданған тиісті шешімдермен таныстырды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Айдар ҚАЛИЕВ.