Аптаның алғашқы күні аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті жиыны өтті. Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы төрағалық етіп, күн тәртібіндегі үш мәселе қаралды. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы жүзеге асырылған аудандық Жастар ресурстық орталығының тоғыз айлық есебінің қорытындысы, аудан жастарының арасындағы қылмыс пен тәртіп бұзушылықтардың көбеюі талқыланды.
Отырысқа қала және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері, жастармен жұмыс істейтін мамандар қатысты.
Кеңестің бастапқы баяндамасын аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова жасап, жастардың тоғыз ай ішінде атқарған жұмыстары жөнінде толығырақ ақпарат беріп өтті. Оның айтуынша, аудандық Жастар ресурстық орталығы карантиндік бірқатар шектеулерге қарамастан осы уақытқа дейін өз жұмысын жоспарлы түрде атқарып келеді. Тіпті, Алматы облысы көлемінде орталықтың атқарып жатқан жұмысы жоғары бағаланып, соңғы үш тоқсандық бағалау рейтінгісі бойынша үздік үштіктен көрінген. Сондай-ақ, ол өз сөзінде жастарды қоғамдық жұмыстарға қатыстыру мақсатында Елбасы бастамасымен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы аясында биыл 63 адам жұмыспен қамтылып, көптеген эко шаралар өткізілгендігін де айтып өтті. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қала және ауылдық әкімдіктердің қолдауымен аудандағы дүкендерде қайырымдылық жәшігі орнатылған. «Халық» қайырымдылық қорының көмегімен 580 қарасайлық отбасыға азық-түлік себеттері таратылған.
Мұнан бөлек Айжан Балажанова жастар арасында құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында түнгі рейдтер, діни экстремизм мен терроризмнің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары, аудандық теолог және жергілікті имамдар мен ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің қатысуымен болған кездесулер, жастарды жұмыспен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкелері өткізіліп отыратындығы жайлы да кеңінен хабардар етті.
Жиында келесі болып сөз алған аудандық пробация қызметі басшысының орынбасары Ақбота Іздібаева мен аудандық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Ернұр Ембердиев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың профилактикасы жайлы баяндама жасады. Құқық қорғау органының қызметкерлері биыл аудандағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі көбейіп, жастардың әлімжеттік көрсетуі мен түн уақытында көше кезулері тиылмай отырғанын айтты. Осыған байланысты олар жастардың арасында түсіндіру жұмыстары мен кешкі рейдтердің санын көбейтіп, ұсталған жастардың ата-аналарымен ескерту жұмыстарын жасап жатқандығын жеткізді.
Сондай-ақ, жиын барысында қала әкімі Асқар Мұқашев жастардың тұрғын үйлердің аулаларында түнде жиналып, адамдардың мазасын алатындығы жайлы айтып, осы мәселені назарға алуды өтінді. Қала әкімінің көтерген мәселесіне байланысты полиция майоры Ернұр Ерланұлы бүгінде осы мәселені шешу үшін учаскелік полиция және патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті өздеріне бекітілген аумақты аралап, тәртіп бұзушыларды бақылап жүргендігін және де алдағы уақытта мұндай жұмыстар жиі жасалатындығын жеткізді.
Мұнан бөлек жиында «Ана мен бала» қайырымдылық мекемесінің басшысы Әлия Сатпаева, жоғарыда айтылып өткен мәселелерді шешу үшін, жергілікті атқарушы органдармен, волонтерлермен және де блогерлермен бірлесе жұмыс істеу керектігін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған Айжан Нұрділдәқызы басқосуда көтерілген мәселелерді шешу үшін қоғаммен жұмысты күшейтіп, жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.