Ана – өмірдің жүрегі. Ана – өмірдің тірегі. «Ана» деген үш ауыз сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр. Өмірге шыр етіп келгеннен бастап, аялап алақанымен мәпелеп өсірген анамызға әрқашан, тіптен өмір бойы қарыздармыз деп білемін. Арулар – асылдылар, ардақтылар, Өмірдің жылуы болып қалмақ бұлар. Арулар – тіршілікке күре тамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар, – деп мұзбалақ Мұқағали да анаға деген жүрек тербенісін өлең, жырларымен өрнектеген. Аяулы аналарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Жақында Кеген аудандық жастар ресурстық орталығы, Кеген ауылдық округінің жастар нұсқаушысы, «Yerkin» ЖҚ-ның ұйымдастыруымен «Әйел – тіршілік тірегі» атты кездесу болып өтті. Оның негізгі мақсаты аналарымыздың қоғамдағы рөлі, отбасындағы тәрбие мәселелері қаралды. Әйелдердің отбасындағы беделі мен қоғамдағы алар орны отбасының беріктігіне де байланысты болса керек. Ал отбасы ата-ана болудан, ұрпақ тәрбиелеуден басталары хақ.
Кездесу барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Көнеева Бақытгүл Демежанқызы парасатты ойларымен бөлісті.
Шараға Кеген аудандық сотының аға сот приставы Мәнкеева Қарлығаш Білісбекқызы, аудандық аурухананың акушері Елікбаева Нағима Ерболатқызы, аудандық Полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің лейтенанты Анекеева Маржан Абайқызы, Салауатты өмір салты кабинетінің дәрігері Рахимова Фариза Серікқызы, Кеген ауданының жастар ресурыстық орталығының жетекшісі Біржансалова Тоғжан Қанатқызы қатысып ой бөлісіп, пікір алмасты. Шараның аяғында психологиялық ойын жаттығуы жүргізілді.
Отбасы – тәрбиенің қайнар көзі. Ізгіліті шара барысында көтерілген мәселелер әрбір шаңырақты сақтап қалудың негізгі тетіктері мен орын алған келеңсіз жайттардың алдын алуға бағытталды. Игілікті шара алдағы уақытта тағыда өткізу жоспарлануда.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.