Ауданымыздағы «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ 1999 жылдан бері тұтынушыларға табиғи газды тасымалдап, оның сапалы қызметін жүзеге асырып келеді. Бұдан бөлек, газды жеткізу саласында табиғи монополист те болып саналады. Ал, осы акционерлік қоғам 2015 жылы табиғи газды тасымалдау бойынша ұзақ мерзімді тарифты жасау мен бекіту кезінде 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын жасап, бекіткен болатын. Бұл бастаманың мақсаты ең алдымен Алматы облысының Қарасай, Іле және Жамбыл аудандарындағы тұтынушыларды газбен кепілді түрде қамтуды және газ құбырының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету еді.
Бүгінде бұл бағдарлама бойынша қала, ауылдық округтерімізде көптеген жұмыстар атқарылып, жүзеге асырылуда. Осы ретте, жуырда ауданымызға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Гүлнар Шарапиева келіп, жоғарыда аталған бастама аясында Қаскелең қаласында орнатылған газ құбырларының құрылысымен танысты. Гүлнүр Әділқызына «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-ның президенті Айна Сексенбаева барлық жаңартылған газ құбырлары жайлы толық ақпарат беріп, қажетті мағлұматтарды жеткізді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.