Мен негізі педагогпын. Солай бола тұрса да бір кездері ойламаған жерден осы өзіміздің аудандық газетке қызметке тұрып, аяқ астынан журналист болып шыға келгенім бар. Ол былай болды: ұмытпасам, 1992 жылдың наурыз айының басы болатын. Бұл кезде мен Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институтында әдістемелік кабинет меңгерушісі болып істейтінмін.
Бір күні аудандық әкімдіктен шақырту алып, әкімнің орынбасары Жүйріктаева Мәрия Беспайқызының қабылдауына келдім. Бұл кезде еліміз егемендік алып, ауданда (сол уақытта Қаскелең ауданы деп аталатын) әкімшілік жүйе құрылып, жаңа заманның жаңа лебімен өмір өзгерістеріне бар ынта-шындарымен кіріскен кез болатын.
Мәрия Беспайқызы апамыздың кабинетіне рұқсат сұрап кірсем, біраз ардагерлермен күтіп отыр екен. Сәлемдесіп, көрсетілген орынға отырдым. Ардагерлерден С.А.Исаев, Ү.Б.Тастанбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Л.Коробкин, тағы екі-үш кісі отыр екен. Мәрия Беспайқызы бас болып, барлық үлкен кісілер мені ортаға алып, аудандық газетке ауысып келуімді, газеттің бір бетін қазақ тілінде шығаруды ұсынып, өтініш жасады. Бұл мен үшін тосын жайт болды. Біріншіден, мен маман емеспін, екіншіден ол кезде біздің ауданда қазақша газет оқымақ тұрмақ, қазақша сөйлейтін адамды әрең іздеп табатынбыз. Оның үстіне газет өмір бойына тек орыс тілінде шығып келген. Мен тығырыққа тірелдім. Қолымнан келмейтін іске кірісуден қорқып отырдым. Бір жағынан кілең ауданның бетке ұстар азаматтарына қарсы келуге де ұялып отырмын. Пендеміз ғой, облыстағы қызметімді де қимай барамын. Соңында мен келісімімді бердім, ол кісілер уәдемді алды. Сөйтіп, облыспен қимай-қимай қоштасып, өзіме мүлдем таныс емес салаға жұмысқа кірістім. Ол кезде редакция аудандық типографияның ішінде болатын. Менің қызметім – аудандық газет редакторының орынбасары, қазақша беттің редакторы болу. Осылайша өзіме-өзім редактор болып жұмысқа кірістім. Дайын газетті оқып, одан ләззат алған бір керемет, ал оны дайындап, баспадан шығарып, оқырмандарға жеткізу арасындағы машақаттарды басынан өткізген адамдар ғана түсінеді.
Жалғыз өзіме өте қиын болды. Алғашқы материалдар туған тілімізді дамыту бағытында, сосын өзіме жақын тақырып мектептер өмірін жазумен жарыққа шығып жатты. Кейіннен хатшы, бір тілші штатын берді. Айгүл деген хатшы қызымыз болды. Одан кейін Дина атты қазақша жазатын мәдениет колледжінің мұғалімін тауып, жалынып редакцияға алып келдім.
Ол кезде газет аптасына екі рет шығатын, аптасына ек бетті қазақша шығарудың азабы басталды. Газет жанрларын, стилін меңгермегенмін, әйтеуір, газеттерден қарап, өзімізше түрлі тақырыпта жазуға тырысып жүрдік. Үнемі 1-2 адамның авторлығымен шығара беруге де болмайтынын ескеріп, достарымыздың, отбасы мүшелерінің, көрші-қолаңдардың да аттарымен шығарып жүрген кездеріміз болды. Сөйтіп жүріп түрлі жанрда жазуды да үйрендік. Қарап жүрмей, редакция жанынан «Жас тілшілер» тобын құрып, журналистикаға барғысы келетін жас талапкер оқушыларды тарттық. Сын материалдар да жариялап, біраз шудың да ортасында жүрген кездеріміз болды. Не керек, түрлі әдіс -тәсілдерді ойластыра жүріп, жанымызға оқырмандар, авторлар жинай бастадық, барынша газет абыройын көтеруге тырыстық. Сол кезде үнемі мақалалар жазып, газеттің жандануына үлес қосқан тұрақты автор Жақан Нұрсейітқызы, Жанна Шамова, Күнсая Ерғазина сияқты тағы басқа оқушылардың еңбектері ерекше болды. Кейін Ж.Шамова, К.Ерғазина жақсы журналистер болып, республикалық басылымдарда еңбек етіп жүрді.
Газетте естен кетпестей болған қиындықтардың бірі – көзді ала бере қазақша материалдар алынып тасталып, орыс тіліндегі материалдар салынып кетіп, қазақша бетте орыс тіліндегі материалдардың жарық көруі. Алғашында қалай өзгеріп кететінін түсінбей, ешқайсысынан жауап ала алмай жүрдім. Сөйтсем , бұл «орекеңдердің» қитұрқы әрекеті екен. Бірақ ешқайсысы мойындамай қор қылатын. Кейіннен бәрін меңгеріп алдым. Цехтағы сатырлаған темір әріптерді теріс жағынан оқуды да, материалдардың алынып қалмауын өзім қадағалайтын болдым. Ол кезде газет бізде теріліп Алматыда нөмірі 1-ші баспаханадан шығатын. Соған аптасына екі рет өзім апарып, тапсырып жүрген кездерім де болды.
Маған қазақша беттерді шығаруда ақыл-кеңестерін беріп, көп ұстаздық еткен кісі Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, партизан жазушы, абыз ақсақал, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, марқұм Үсенбай Бахтиярұлы Тастанбеков еді. Ол аудандық газеттің негізін қалаушы, алғашқы редакторларының бірі, мол тәжірибелі кісі болатын. Ары-бері өткенде редакцияға соғып, әңгімелерін айтып, кеңестерін беріп кететін. Негізгі бағытымның дұрыс екенін айтып, көтермелеп те қоятын. Жұмысымызға ылғи баға беріп, жаңа бағыттар ұсынатын.
Сөйтіп, бір жыл шамасында қазақша жазатындар да табыла бастады, редакцияға түрлі мәселелермен, ұсыныстарымен келіп тұратын оқырмандардың саны да артты.
ҚазҰМУ-дың журналистика факультетімен тығыз байланыс орнаттық, оқу орны және әкімдікпен келісіп, маман тапшылығына байланысты жас талапкерлерді оқуға жолдамамен қабылдауға қол жеткіздік. Жазушылар Одағымен де байланыста жұмыс істедік. Осы жылы мені Журналистер Одағына мүшелікке қабылдады.
Газет «Ленинское знамя» деген орысша атаумен шығып тұратын. Ендігі мәселе – газеттің атауын қазақшалап шығарсақ деген ой көкейімнен кетпей қойды. Бұл ұсынысымды аудан басшыларына білдіріп едім, олар ешбір қарсылық танытпай, бірауыздан келісті. Маған бірнеше атау дайындап алып келуімді тапсырды. Айтылған мерзімде М.Б.Жүйріктаеваға кіріп, бірнеше нұсқа жазылған тізімді ұсындым. Сол заманға лайықты көп атаулар болды. Соның ішінде «Заман жаршысы» атауы ол кісінің көңілінен шықты. Көпке ұзатпай-ақ Мәрия Беспайқызы жалғыз өз -ақ шешіп, осы атаумен шығаруға рұқсатын берді.
Сонымен 1993 жылдың 1 қаңтарында аудандық газеттің алғашқы саны жаңа атаумен аудан тарихына енді. Халық өте жайбарақат қабылдады. «Неге?» деген сұрақ туындаған жоқ. Ешқандай артық әңгімелер де болмады.Өзіміз өте қуандық. Сол қуанышты күйде көңіл толқынымен алғашқы нөмірде
«Заман жаршысы» үнқағазына тілек» деп, лебізімді өлеңмен білдірген екенмін. Сол тілегімді жаза кетуді де жөн көрім отырмын.
Жаңа заман лебімен жеткен жан серігім, сырласым,
Туған тілде жырлашы, әлем тыңдасын.
Қиын бір шақта оқырманына жол тартқан,
Талабыңды оңдап, өмірдің өзі шыңдасын.
Қанатын жазып, көркейтші тілді енді бір,
Тұманды серпіп, торлаған тілді түнді түр.
«Жүрексіз, тілсіз қазақпын» дейтін пенденің,
Тамырына қазақы қан құй, тіл бітір.
Туған тіліммен даламды енді тербет бір,
Мәңгүрт кеудені сауықтыр, тілмен емдеттір.
Өз тілін қорлап, өгейсіп жүрген жандардың,
Намысын оят, қазақша ғана сөйлеттір.
Жаңғыртсын енді Қаскелеңімді жарқын үн,
Ел-жұртың бар сағынышпен күткен әр күнін.
Жаршысы болып заманның, жаңа өмірдің,
Жүрекке нұр құй, тілегі болып халқымның.
Жаңа жылменен келіп, бастадың жарқын жыл басын,
Талабың тау боп, қадамың дәйім оңдалсын.
Туған тілімнің тұғырын тігер тірегі,
Ата-бабамның аруағы сені қолдасын !
Қарап отырсақ,аудандық газет «Заман жаршысы» атауымен 30 жыл өмір сүріпті, осынша уақытта халыққа қызмет етті. Бұл – өте тамаша ғұмыр.
Қазір «Нақты» атауын иеленіп отырған аудандық газет жаңа ғасырдың жарқын жаршысындай жанымызға жақын сезілетіні рас.
Мен сол кезеңдегі бір жыл мерзімде қаншама дамығанымды, рухани жан-дүниемнің қаншалықты толығып, өркендегенін кейін ғана сезіндім. Газетте жүргенде барша қиындықты жалғыз көтеріп жүргендей болған кездерім де болды ғой. Дегенмен, басылымының адамның қоғамға деген көзқарасын қалыптастыруда үлкен септігін тигізетіні анық. Осы газетте жүріп сауаттылықты меңгерген үстіне меңгере түстім, сөйлеу мәдениетін қалыптастырдым десем артық айтқандық емес. Бұдан соң облыстық білім басқармасындағы қызметімде де, аудандық білім бөлімін басқарған кездер де, мектеп басшылығында да газетте істеген жылдардың жемісті нәтижесін жаныма азық ете білдім.
Бір сөзбен айтқанда, аудандық газет сол аудан тұрғындарының көкірек көзі, санасы, ақыл-ой парасаты, баршаның тәрбие орталығы.
Мен ел еңсесін енді жиып, ел болуға талпынған егемендігіміздің ең алғашқы жылдары осылай ел игілігіне аз да болса өз үлесімді қоса алғаным үшін өзімді бақытты сезінемін.
Еңбек жолымдағы жүрегіме бір жылуын құйып тұратын, ең сәулелі ұямның бірі – осы аудандық газет редакциясы. Өзімнің өсіп-өркендеп шыққан қасиетті ұямның бірі ретінде қабылдаймын. Осы ортадан мен өмір өткелдеріне аттандым.
Биыл жанымызға азық болған, болып келе жатқан сүйікті газетіміз тоқсанға толғалы отыр екен. Жасы тоқсанда демесек, «Нақты» газетінің редакциясы бойларында жаңашылдықтың оты лаулаған кілең мамандардан тұратын жастар орталығы десе де болады. Шығармашылықтың көрігін қыздырған талантты жастарға еріксіз риза боласың.
Редакция ұжымын келе жатқан мерейтойларымен құттықтап, әрдайым шығармашылық табыстар тілеймін.
Баян МҰХАМЕДИЯРОВА,
Қарасай ауданының Құрметті азаматы.