Облысымызда мектеп тапшылығы ең өзекті толғандыратын тақырыптың бірі деуге болады. Білім саласындағы бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік жобалардан бөлек, инвестициялар тарту жұмыстары да белсенді түрде жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында өңірде бірталай заман табалына сай мектептер салынуда. Мәселен таяуда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласы тұрғындарының қуанышына орай тағы бір мектептің іргетасы қаланды.
Нақтырақ айтқанда, бұл білім ордасының бой көтеруіне «Верный капитал» компаниясы, «Болат Өтемұратов» қоры және ForteBank-тің басшылығы демеушілік етіп отыр.
Жуырда соның аясында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досумбаев, жоғарыда аталған компаниялар мен қордың өкілдері қатысып, ортақ әңгіме барысында назардағы нысанның жай-күйін сөз етті.
Алдымен сөз алған облыс басшысы мектеп құрылысының жұмысын бақылап, білім ошағының заман талабына сай салынып, оқушылардың игілігіне бағытталуы қажеттігін атап өтті.
– Облысымызда үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесін шешу мақсатында 16 білім ордасының құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарлануда. Бүгін, міне, «Верный капитал» компаниясы мен «Болат Өтемұратов» қоры, ForteBank тарапынан қаржыландырылып, 900 орындық жаңа мектептің іргетасы қалануда. Бұл 33 мыңнан астам тұрғыны бар Есік қаласы ғана емес, жалпы облысымыз үшін керемет сыйлық, зор қуаныш.
Халқымызда «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Бүгінгі жаңа мектептің бой көтеруіне демеушілік танытып отырған қайырымды азаматтарға облыс жұртшылығының алғысын жеткізіп, құрылыс сәтті өтсін демекпін. Қашан да парасатты істеріңіз өсер ұрпақтың жақсылығымен қайтсын, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Шараға қатысқан ForteBank басқарма төрағасы Бекжан Пірматов мектептердің құрылысы мемлекет бюджетіне ауыртпалық түсіретіндігін, сондықтан, ForteBank Алматы облысына көмектесіп, жаңа, заманауи мектеп салуға қаржы бөлгендігін, бұл қадам еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосатынын айтты. Жобаны қаржыландырған «Верный капитал» компаниясы мен «Болат Өтемұратов» қорының өкілдері де жас ұрпақтың озық әлемдік тәжірибеге сай дамуына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында орта және жоғары білім беру саласында инфрақұрылымдық жобаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға күш салып жатқандығын жеткізді.
Мектеп жобасының құны 8,11 млрд теңгені құрайды. Құрылысы 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталып, мемлекет теңгеріміне беріледі. Осылайша облысымыз тағы бір заманауи, мол мүмкіндікті мектеппен толықпақ. Мектеп ғимаратының аумағы 12,5 мың шаршы метр.
Жаңа білім ордасы оқу сыныптарымен қоса рекреациялық аймақтармен, заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен, спорттық және гимнастикалық залдармен, ақпарат орталығымен, зертханамен, шығармашылық студиямен және коворкинг кеңістігімен жабдықталады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Еңбекшіқазақ ауданы.