2019 жылдың мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында алдағы жылды «Еріктілер қозғалысын қолдау жылы» деп жариялауға ұсыныс жасалған болатын.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп бекітті.
Волонтер – жүрегі жұмсақ, қолы қайырымды, жанашыр адам. Ең бастысы өз еркімен, жүрек қалауымен риясыз қамқорлық көрсетіп, көмек жасауға ұмтылады. Сол себепті де «еріктілер» деген атқа лайықты.
Қазақстан бойынша еріктілер базасы құрылып, бұл ұйым мүшелерінің заңдық-әдістемелік құралдары да әзірленген. Өйткені, кез келген істе белгілі бір біліктілік пен сауаттылық қажет екені белгілі.
Осындай ұйымдар еліміздің білім беру ұйымдарының оқушылары қатарынан да құрылуда.
«Адам баласынан бір-біріне деген қайырымдылық қашса, жер бетінен жақсылық қашады» – деген екен данышпан бабаларымыз.
Бүгінгі жастар тәрбиесінде жүректерді ізгілендіру, оны нұрландыру арқылы адамның жан дүниесіне әсер ету үрдісі халқымызда кең қолданылып келеді.
Кезінде қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз да өзінің қара сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген болатын.
Олай болса, адамгершілік, рақымдылық, қамқорлық, мейірбандық қасиеттерді бойына сіңіріп, әр адам айналасындағы адамдарды «Өз бауырым» деп ұғынып, сезіне білсе нұр үстіне нұр болары хақ.
Қазақ халқы өз ұрпағының бойына қашанда адалдық, әділдік, мейірімділік, ізеттілік, ілтипаттылық пен үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болу және т.б. қасиеттерді жастайынан сіңіре білген ұлы халық.
Міне, жақында, соның дәлелі ретінде мектебімізде тағылымы мол еріктілер қозғалысы өз жұмысын бастады. Алдын ала «Мейірімділікке деген сеніміңізді жоғалтпаңыз» атты ақпаратты деректермен еріктілерді дайындау жұмыстары ұйымдастырылған.
Ерте заманнан бері «өзгелерге көмектесу – біздің мәдениетіміздің ерекшелігі» принципін ұстана отырып, мектебіміздің директоры Шырынханова Үміт Мұхамеджанқызының тікелей қолдауымен және Абдрахманова Тоғжан Арғынғазықызы, Балапанова Шынар Ташкенбайқызы, Сулейменова Сымбат Токтарханқызы мен Жуманова Ляззат Маратқызының жетекшілігімен мектебімізде «Қайнар еріктілері» атты 7-8 сынып оқушыларынан «Еріктілер тобы» құрылды.
Еріктілер жылы білім ошағында арнайы шерумен басталды. Оқушыларға арнайы форма тіктіріліп, еріктілер ұйымының ережесі мен ұраны таныстырылды. Салтанатты шеруде оқушылар мектеп еріктілерінің әнұранын орындап, ант берді. Ұйым мүшелерінен құрылған 50 оқушы флешмоб көрсетті.
Жасөспірімдердің білім мен тәрбие дағдыларын қоғамдық іске бейімдейтін, шығармашылық қабілеттерін дамытатын бұл ұйымның мүшелері жеке бастың мәдениеттілігін, әдептілік пен кішіпейілділікті сақтау, жолдас-жорасын, ата-ананы, ұстаздарды, үлкендерді құрметтеу, қоғамды ізгілендіру үрдісіне өз үлестерін қосуды басты бағыт ретінде таниды.
Олар оқуда алда, қоғамдық істе белсенді болып, еңбекте үлгі көрсетуге ұмтылуда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Мың бала» қозғалысы «Жасыл ел» идеяларымен өзара әдемі сабақтастық тапқан еріктілер қозғалысы сүйікті Отанымыздың қасиеті, туған жердің байлығы мен табиғатын сақтауға, тарихи ескерткіштерді қорғауға және оны байытуға белсенді атсалысу арқылы адамзаттық құндылықтарды дәріптеуге мүдделі.
Сонымен қатар, жергілікті жердің мәдениет, өнер, спорт қайраткерлерімен, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесіп,туған елдің өткені мен бүгіні және болашағы жайында әңгімелесіп, тарихын жинау және оны насихаттау,
«Жан жылуы» акциясы аясында жетімдер үйі мен қарттар үйіне қамқорлық жасау жоспарланған.
Көп ұлтты ауылымыздың тұрғындарын құрметтеу, қарттар, кемтар, ауру адамдарды қамқорлыққа алып, өз көмегін көрсету, сондай-ақ, өзінен жасы кіші іні, қарындас, сіңлілеріне қамқорлық жасау, қоғамдық маңызы бар мәселелерге үн қосу – бүгінгі жас еріктілердің сүйікті ісі.
Қазіргі таңда көмекті қажет ететін әлеуметтік аз қамтылған отбасылары мен тұрғындарына арналып іс-шара жоспары жасалынған.
Қайырымдылық науқаны «Жүз мейірімді іс жасау-бізге шектеу емес!» еріктілер рейдін ұйымдастыру барысында көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдесу, шептікке алу, қайырымдылық іс-шараларға қатысу межеленіп отыр.
Еріктілердің осындай бір тобы Қайнар ауылындағы қария Иващенко Гильда Андреевнаға азық-түлікпен көмек ұйымдастырса, енді бір тобы ауылдағы жалғызбасты қариялардың ауласын қардан тазалап, жәрдем жасады. Алдағы уақытта «Жасыл ел» бағдарламасымен үндестіріп, «Нысанада табиғат», «Менің ауылым, аулам», «Бір тал кессең, он тал ек» акциялары ұйымдастырылатын болады.
Айта кетерлігі, оқушылармен бірге ата-аналар да жасөспірімдердің бастамасын қолдап, қол ұштарын беруде.
Қоғамымызды ізгілендіру мақсатында еріктілер қозғалысы болашақта одан әрі дамып, өзінің міндетін лайықты атқара беретініне сеніміміз мол.
Тоғжан АБДРАХМАНОВА,
технология пәнінің мұғалімі.
Сымбат СҮЛЕЙМЕНОВА,
қазақ тілі пәнінің мұғалімі.