Елбасының еңбегіне лайықты баға беру, құрметпен дәріптеп, кейінгі буынға үлгі тұту үшін белгіленген Тұңғыш Президент күні 2011 жылдан бері мемлекеттік мереке ретінде тойлануда. Біздің қазыналы Қарасай жерінде де бұл мерейлі мейрам лайықты деңгейде атап өтіліп, оған аудан басшысы Жандарбек Далабаев бастаған барлық мекеме, комитет басшылары мен ұйымдардың өкілдері, ардагерлер және қоғам қайраткерлері мен ардақты азаматтар қатысты.
Сондай-ақ, Мәдениет үйінде қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен кітап және қылқалам шеберлерінің еңбектерінен көрме көпшілік назарына ұсынылды. Аудандық Мәдениет үйіне жиналған көрермен қауым алдымен рухты әуенге толы «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Күрескер» күйін тыңдап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан сыр шертетін қысқаша бейнероликті тамашалады. Мемлекеттік Гимн шырқалған соң, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерен еңбегі мен қайраткерлік, көрегендік, ұлтжандылық сияқты қасиеттерін ұлықтауға арналған салтанатты жиынның құттықтау сөзін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда татулықтың, тұрақты Қазақстанның кепілі болып келеді. Өйткені, тәу етер Тәуелсіздігімізді тұғырға қондырып, елімізді әр салада жетістікке жетелеген Ұлт Көшбасшысы мемлекеттің тізгінін ұстаған кезден-ақ егемен еліміз өсіп, өркендеу жолына нақты қадам басты. Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегінің, салмақты саясатының арқасында, әрі халықтың қолдауымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде Отанымыз талай белестерді бағындырып, алпауыт елдермен иық теңестіріп, жемісті жетістікке жетті, – деген аудан басшысы оны әрдайым мақтан етіп, құрмет тұтатынын тілге тиек етті.
Әрі қарай басқосу аудан өнерпаздары дайындаған концертке жалғасты. Алғашқы болып сахнаға шыққан «Қарасай жастары» театры әртістері әуелете салған «Ауылды аңсау» әнін орындады. Одан кейін, Отанға, туған жер, Ұлт Көшбасшысының еңбектері арқау етілген бағдарлама барысында небір арнаулар шырқалды. Елбасын өмірге әкелген Әбіш әкесі мен Әлжан анасының құрметіне арналған әуезді әуендер де орындалды. «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі өнерпаздарының күмбірлете шерткен күйлері де шараны одан әрі қыздырды. Мерекелік кештің соңы «Қалбибі» өнер студиясының «Қазақстан» хорының орындауында Ермек Жұматаевтың сөзіне жазылған «Нұр Аға» атты әдемі әнімен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.