Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – мерейлі мерекелердің бірі. Оны ұлықтап, қастерлігін ұғындыру аясында ауданымызда бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Жақында осы мақсатта Қарасай аудандық мәдениет үйінің ауласында, ерекше күтімді қажет ететін балалардың қатысуымен, асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды.
Жарыс барысында бүлдіршіндерге түрлі-түсті борлар таратылды. Шараға балалар белсенді қатысып, «Әрқашан күн сөнбесін!» тақырыбында жүрекке жылу сыйлар әдемі суреттерді барынша әдемі әрі жылдам салуға тырысты. Желбіреген көк тудың, асқар тау мен арналы арықтың, бәйтеректің, тіпті, аялы алақандағы күннің суреттерін жарыса салды. Осылайша, Қарасай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі іс-шараны ойдағыдай өткізіп, аудандық мәдениет үйінің №1 филиалы – саңыраулар қоғамы клубы ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғамдық өмірге белсене араласуына, мәдени және белсенді демалысын тиімді өткізуіне ықпал етті.
Байқау соңында балалар өз шығармаларын қорғап, Қарасай аудандық мәдениет үйінің атынан бағалы сыйлықтарын алды.
Әйгерім МАМЕТЕКОВА,
Қарасай аудандық мәдениет үйінің №1 филиалы – саңыраулар қоғамы клубының меңгерушісі.