Ауыр тағдырды арқалап жүрген балаларға арналған шараны аталған орталықтың құрылтайшысы Раушан Байтанова бастаған мекеме қызметкерлері ұйымдастырыпты. Жиын барысында ем қабылдап жүрген балалар концерттік бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынды. Бұл кешке балаларын қолдау мақсатында олардың ата-аналары да қатысып, бірге өнер көрсетті. Сонымен қатар, басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкімбаев бастаған бірқатар депутаттар, жеке кәсіпкерлер қатысып, бүлдіршіндердің қуаныштарымен бөлісіп, ізгі тілекпен сыйлықтарын да тарту етті.
Жалпы, баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Осыған байланысты мұндағы педагогтар да балаға арналған жеке даму бағдарламасын басшылыққа алады. Айта кету керек, осы жылы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» қатарында «Rakhym» орталығының «Адаптивті атқа міну» жобасы жеңімпаз атанды. Яғни, бұл емдеу түрі иппотерапия бойынша ерекше қажеттіліктері бар баланың дене белсенділігін дамытуға бағытталған. Орталық жетекшісі Раушан Бүркітбайқызының айтуынша, екі жыл ішінде 80-ге жуық адам атқа міну арқылы ақысыз оңалту қызметтерін алған. Ата-ана мен педагогтар бірігіп атқарған жұмыстардың нәтижелері де жоқ емес. -Соның ішінде, арбаға таңылған орталықтың көмегіне жүгінген Назерке Салимхан мен Катя Моторина ем алу арқылы өз аяқтарына тұратын болған. Тіпті, олар мерекелік кеште қонақтарға арнап өздерінің жыр-шумақтарын, музыкалық сәлемдерін жеткізді. Сонымен қатар, орталықтың емделушілері ортаға шығып, мерекелік сәндік киім үлгісін көрсетті. Балалардың әр басқан қадамына ата-аналары, мекеме қызметкерлері, келген қонақтар да барша ықыласпен қол соғып, оларды қолдап отырды. Яғни, орталық балалардың жанынан табылып, тек олардың денсаулығына ғана мән беріп қоймай, сонымен қатар, өздері қатарлас замандастарымен бірге дамуларына қолғабыс етіп отыр.
Жиынды қорытындылаған қайырымдылық қорының төрайымы Раушан Байтанова болашақта атқарылатын мақсатты жұмыстарын атап айтып, ата-аналар атынан демеушілерге алғысын жеткізді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.