Жақында Астана қаласында XVI-Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауы өтті. Әр өңірден бақ сынаған өнерпаздардың арасында Алматы облысының атынан шыққан аудан жасөспірімдері бар. Солардың ішінде оза шауып, Жамбыл ауданының атын шығарған Ақсеңгір ауылының баласы Ереңбақ Нұрболатұлын ерекше айтуға болады.
Жамбылдық өнерлі бала Ереңбақ бұл байқауда «Вокал» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды. Осылайша басқалардан дара көрініп, Жамбыл ауданының ғана емес Алматы облысының атын шығарды десек артық айтқандық болмас.
«Ақ көгершін» балалар қорының» ұйымдастыруымен өткен шараға Астана қаласының әкімдігі мен «Жастар» сарайы демеушілік етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль мектептен тыс ұйымдардың баланың жеке тұлға ретінде дамуындағы алатын рөлін арттыру, өскелең ұрпақты көркемдік және эстетикалық талғамға сай тәрбиелеу, педагогтардың кәсіби шеберлігін жетілдіру және олардың шығармашылық қызметін жандандыру мақсатында өткен.
Байқауға қатысушылар вокал, халықтық орындау, аспапта орындау, би өнері, балалар сәні, сән театры, өзіндік жанр, көркем сөз, бейнелеу өнері секілді номицияларға қатысып, бақ сынады.
Аталған байқауға Алматы облысынан Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы қолдау білдірді. Бақ сынаған Жамбыл ауданының тумасы Ереңбақ Нұрболатұлынан бөлек, тағы екі өнерпаз да қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап қайтты.
Нақты айтқанда, «Көркем сөз» номинациясы бойынша Бас жүлде Талғар ауданы, Нұра ауылының тумасы Аянқызы Аяжанның еншісіне бұйырса, орта топтан «Вокал» номинациясы бойынша Кеген ауданының Кеген ауылынан келген Баратбек Абылай екінші орынды иеленді.
Алатаудан арнайы барған өнерпаз балалардың жетістіктері көп болсын демекпіз. Жеңімпаздардың жеңісі құтты болсын!
Өз тілшіміз.