Елдегі дүрбелең кімді болсын мазасын қашырды. Мәлім болғандай республиканың біраз өңірінде қымбатшылыққа байланысты бейбіт шеру басталып, оның соңы арандатушылардың кесірінен қантөгіске ұласып кетті. Халықтың топ болып шоғырлануы себебінен елімізден әлі кете қоймаған COVID-19 індеті одан әрі өршіп, эпидахуал нашарлай түсті. Тіпті, кейбір аймақтарда коронавирустың мутациясы – «дельта» ауруынан да қауіпті «омикрон» деген штамы пайда болды. Дегенмен, тез таралатын бұл дерт осы уақытқа дейін Қарасай ауданында анықталған жоқ. Десек те, бізге іргелес жатқан Алматыда омикрон ауруы тіркелгенін екенін ескерген жөн.
Аталған індет ауданымызда анықталмаса да таралуы әлі ауыздықталмаған COVID-19 ауруы Қарасай жерінен жойылған жоқ. Оның бүгінгі көрсеткіші қандай екенін білу үшін Қарасай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидқадағалау бөлімінің бас маманы Мәншүк Сисенбаевадан нақты ақпаратты білдік. Індетті бағамдап жүретін оның айтуынша, өткен жылдың 30 желтоқсаны мен ағымдағы жылдың 12 қаңтары арасында 92 жағдай тіркелген.
Дегенмен, бұл екі аптаның соңғы жеті күнінде дерттің асқынғанын айта кету керек. Яғни, қаңтар айының 6-12 күндері 81 адамның сырқат жұқтырғаны белгілі болған. Оның 84-симптоммен, 7-симптомсыз ретінде тіркелген. Олардың барлығына қазіргі уақытта медицина мамандарының тарапынан емдік шаралары көрсетілуде.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда ауданымыз бойынша 2022 жылдың 12 қаңтарына дейін 4037 тұрғын коронавирус індетін жұқтырған. Олардың әрбірімен қарым-қатынаста болғандар анықталып, тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Дәрігерлердің де жіті бақылауында.
Індетке қатысты сандардың нақтылығын ескерсек, жұқпалы аурудың таралуы алғаш өршіген кезбен салыстырғанда едәуір төмендеген. Демек, сырқатқа төтеп беру мен таралуы азайған деген қорытындығы келуге болады. Ең бастысы, коронавирустың кейінгі пайда болған «омикрон» штамы елімізде таралмай, тезірек жойылса екен дейміз.
Түптің түбіне келгенде дертке дауа болу – өз қолымызда. Сырқаттан сақтану жолын қарастырсақ, коронавирус індетінің ізін суытуға болады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.