Жамбыл ауданында Атамқұл батырдың 200 жылдығы аталып өтті. Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Әуез Атамқұл батыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліне қорған болған бірегей тұлғаның ерлік жолы жан-жақты тарқатылды.
Елі мен жерін сырттан шапқан жаудан қорғауда қасық қаны қалғанша арыстанша айқасып өткен ерлер қазақта аз болмаған. Олардың ерлігі тарихқа тағылым, ұрпаққа өнеге. Сондай батырлардың бірі – Атамқұл Кебекұлы. Ол Қоқан шапқыншыларына қарсы ту көтерген әйгілі батыр, әрі ел көсемі. Алқалы басқосуда тарихшылар мен зерттеушілер ел басына күн туғанда қол бастаған батыр, көш бастаған көсем туралы мұрағаттық деректерге сүйене отырып әңгімеледі. Әуез Атамқұлдың қазақ елінің бірлігі үшін күресте көрсеткен ерен ерлігі баяндалды. Ел аузында сақталған әңгімелер де ортаға салынып, батырдың бітім-болмысы айқындала түсті. Өткенге құрметпен қарап, осындай бабалардың өшпес ерлігін кейінгі буынға мирас етіп қалдыру баршаға ортақ міндет екені айтылды.
Шараға Алматы өңірімен қатар Түркістан, Жамбыл, Жетісу облыстарынан арнайы өкілдер келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих және этнология институтынан, Әдебиет және өнер институтынан оқымысты-ғалымдар, Жазушылар одағының басшылығы қатысты. Осы жиынға арнайы жолданған жеделхаттар оқылды. Бұл орайда ғарышкер-ұшқыш, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов, Көкшетаудан белгілі қайраткер-жазушы, экс-сенатор Жабал Ерғалиевтердің ыстық ықыластары көпшілікке жеткізілді.
Қоқан басқыншылығына қарсы азаттық соғысында ерлігімен көзге түскен батыр, қолбасшы Атамқұл Кебекұлы 1823 жылы осы Жамбыл ауданының Суықтөбе тауының баурайында дүниеге келген. Білекті де жүректі батыр 1864 жылы Сұраншы батырмен бірге қоқан шапқыншылығына қарсы қол бастаған. Сұраншы батыр орыс әскерімен одақтаса отырып, әйгілі Ұзынағаш шайқасында қоқандықтарды тас-талқан етіп жеңіп, Алматы маңынан түре қуғаны белгілі. Сол жорықта Сұраншы батыр Сайрам қамалын алу кезінде қаза тапқан соң, Атамқұл қазақ қолын басқарып Ташкент қаласын алады. Артынша Сарыбай бидің ұйғаруымен Сайрам қаласына басшылық жасауға осы Әуез Атамқұл батыр қалады.
Сұраншы, Саурық, Сүттібай батырлар, Сарыбай би, Андас датқа сияқты серіктерімен бірге ел-жұртын қорғап, жауға тізе қосып қарсы тұрған Атамқұл Кебекұлы бар күш-қайратын оңтүстік қазақтарын қоқандықтардың езгісінен құтқаруға арнаған. Оның Сайрамды басқарған кездегі көптеген игілікті істерін сол елдің ақсақалдары, азаматтары әлі күнге дейін сүйсіне айтады. Жан-жақтан анталаған жаудан Қазақ хандығы әлсіреген кезеңде қазақ ауылдарына түрлі алым-салық салып, мал-мүлкін тонап, адамдарын шығынға ұшыратып отырған қоқандықтарды Ресей патшалығының әскери қолдауымен қазақтың қол бастаған батырлары Іле-Шу алабынан бастап сонау Ташкентке дейін ығыстырғаны белгілі. Атамқұл сол жорықта қалың қолмен бірге барған шапыраштылардың басын біріктіріп, Шымкент маңына түпкілікті қоныстандырған. Сайрам шаһарын 21 жыл басқарып, ақсақалдық шағында 1899 жылы дүние салады. Бейіті бүгінгі ескі Сайрам қаласының маңында. Қазақта Атамқұл есімді бірнеше батыр, би болғандықтан, Қарасай батырдың ұрпағы Әуез Атамқұл атанып кеткен.
Атамқұлдың арғы бабасы тайпалы елге аты ұран болған әйгілі Қарасай батыр. Қарасайдан от жалындай рухты, жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек атты төрт ұл тарайды. Әуездің биік тұлғалы, парасатты азаматтары 4-5 жылдан бері Атамқұл аталары жайлы жан-жақты іздене бастаған. Биылғы 200 жылдығына байланысты Атамқұлдың туып-өскен қазіргі Сұраншы батыр ауылында құран бағыштап, ас берді. Түркістан облысындағы Сайрам жеріне арнайы экспедициямен барып қайтты. Сондағы аудандық Мәдениет үйінде Атамқұл батыр туралы ғылыми конференция өткізіліп, оңтүстік өңірдегі белгілі тарихшы-ғалымдар арнайы баяндамалар жасаған. Сондағы Шапырашты ауылындағы жиында елді мекеннің бір көшесіне Әуез Атамқұлдың есімі беріліп, ауыл мектебінде батырға арнайы бұрыш ашылыпты. Сол мектептің бір топ ұстазы мен оқушысы жуырда Жамбыл ауданына арнайы саяхаттап, тарихи орындармен танысып қайтты. Шапырашты ауылының кәсіпкерлері өз ауылдарына спорт кешенін салып, оған Сарыбай би есімі беріліпті. Атамқұл батырдың 200 жылдығына арналған спорт жарыстары өткізілді.
Әуез баба ұрпақтары Ұзынағаштың Қарасай батыр көшесінде тұрғын үйлер салып, баспанаға мұқтаж үш отбасына қайырымдылық көмек ретінде сыйлады. Атамқұл ұрпағының бірі Айтбек Қыран жақында ғана самбодан әлемдік жарыста чемпион атанып оралды. Алдағы уақытта Сайрамда баба бейітіне белгітас, жөні келге кесене тұрғызылмақ. Туған жерінде де бір көшеге есімі берілсе, жыл сайын батыр атында спорт жарыстары ұйымдастырылса деген ұсыныс-тілек бар. Оның бастамасы жасалып, жуырда Сұраншы батыр ауылындағы спорт кешенінде Атамқұл бабаның 200 жылдығына арналған дзю-додан 2012-13 жылы туған өрендер арасындағы жарыс өткізілді. Онда Нұрасыл Бекбатыр мен Ерсұлтан Серікбай өз салмақ өлшемдері бойынша топ жарды.
Салтанатты жиында осы жайлар кеңінен сөз болды. Бұл орайда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Айтматов академиясының академигі, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Берекет Кәрібаев ойларын өрбітті. Қазақстан Жазушылар одағының атынан басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы құттықтау сөзін айтса, Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабаев батыр мен оның замандастары төңірегінде зерттеп-тапқан құнды мәліметтермен бөлісті. Атамқұл батырдың ұрпағы атынан Берік Әлішев лебіз білдірді.
Оңтүстік өңірден баба ұрпақтарын бастап келген Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұратәлі Қалмұратов: «Біз, қазақ, руға бөлінетін емес, рудан құралатын халықпыз. Қай рудың болмасын батыры бүкіл қазаққа ортақ. Атамқұл бабамыздың да аты өшпей, ел жадында сақталуы сондықтан. Осындай батырларды насихаттай отырып, бүгінгі жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятамыз», деді. Оның айтуынша, Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданының Шапырашты елді мекенінің 16 шақырымдық ең үлкен көшесіне Әуез Атамқұл есімі беріліпті.
Сахна төрінде белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының құрастыруымен жарыққа шыққан «Әуез Атамқұл батыр» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Соңында аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.