Қарасай ауданында бұрын соңды болмаған бір күнде бір қала және төрт бірдей ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткелі жатыр. Анығын айтар болсақ, олар аудан орталығы – Қаскелең қаласы мен Шамалған, Райымбек, Жамбыл, Бірінші Май ауылдық округтері.
Жергілікті халықтың таңдау жасайтын күні Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Қаулысына сәйкес, ағымдағы жылдың 16 қазанына белгіленді.
Нақтыланған уақыт бойынша жаппай жұртшылық әдеттегідей өздері қалаған үміткеріне дауыс беріп, жауапты қадам жасауға мүмкіндіктері бар. Тұрғындардың бұлай таңдау жасауына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасы себепші болғанын айта кеткен жөн. Яғни, осыдан бір жыл бұрын елімізде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауы ұйымдастырылды. Дәл осы үрдістің аясында Қарасай ауданында осы уақытқа дейін тек халықтың таңдауы арқылы Елтай мен Жандосов ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауы да өтті.
Енді, міне, биыл 16 қазанда бір қала және төрт бірдей ауылдық округ әкімдерінің сайлауы болады. Жауапты лауазымға лайық адамды таңдау әкімнің өкілеттігі аяқталуына және белгілі бір себептермен қызметтік орнын босатуына байланысты жүзеге асырылуда.
Иә, бұл саяси науқан бұрынғыдан өзгерек. Үміткерлердің саны артып, олардың бақталасы қызайын деп тұр. Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кандидаттарды тіркеу туралы ресми хабарламасына сүйенсек, 23 азамат әкім сайлауына түсу үшін ниет білдіріп, барлығы тиісті тексеруден өткен. Олардың тіркелгені жайлы тізімі газетіміздің 40-41 санында.
«Әкім ақылды, дана болса, төңірекке бас болар» демекші, жауапты лауазымға дәмелі болашақ басшылар сол елді мекеннің өркендеуіне, дамуына ықпал етеді деген сеніміміз мол. Ең бастысы ел үмітін ақтар азамат болғай.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.