Спорт – шыдамдылық пен қайсарлықты, табандылық пен биік рухты талап ететін ерекше сала. Осындай ауыр да жауапты жолда ауданымыздың абыройын асқақтатып, спорт шежіресіне жаңа жарқын жеңістер әкеліп жатқан жас дарын өсіп келеді. Атап айтқанда, Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 8 «А» сынып оқушысы Дәулет Төлеуғали 2025-2026 жылдардағы маусымда шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып, «Қазақстан чемпионы» атанды.
Елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын өркендету, болашақ кәсіби хоккейшілерді іріктеу мақсатында өтетін бұл турнир – республикадағы ең беделді әрі жоғары деңгейдегі дүбірлі додалардың бірі. Қазақстан хоккей федерациясының ұйымдастыруымен болатын жарыс U-13, U-14, U-15, U-16 және U-17 сияқты жас санаттары бойынша өтеді. Мұндағы басты мақсат – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең мықты жасөспірімдер ұжымдарын анықтау. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту және «Барыс» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі сияқты ірі кәсіби академиялар мен ұлттық құрама командалары үшін жаңа дарындарды баулып, іріктеу болып табылады.
Ағымдағы жылдың маусым айында осы тартысты турнир аясында елордалық, облыстық және аудандық деңгейдегі ең үздік хоккей мектептері мен академияларының тәрбиеленушілері бірнеше тартысты кезең бойы өзара мықтыны анықтады. Сынға түскен жүздеген жас спортшының арасында Қарасай ауданының намысын қорғаған Дәулет Төлеуғали өзінің шеберлігімен, мұз айдынындағы шапшаңдығымен және жеңіске деген мұқалмас жігерімен көзге түсті. Ол U-12 жас ерекшелігіндегі «В» тобы бойынша барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Бұл жеңістің біздің аудан үшін орны ерекше. Өйткені Дәулет Еркебұланұлы Қаскелең қаласынан шыққан шайбалы хоккей бойынша тұңғыш «Қазақстан чемпионы» ретінде тіркеліп отыр. Жас спортшының мұз айдынындағы айтулы жетістігі ресми түрде де жоғары бағаланды. Спорттағы жоғары көрсеткіштері үшін Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің 2026 жылғы 14 мамырдағы № 557-Ө өкіміне сәйкес Дәулет Төлеуғалиға «III дәрежелі спортшы» спорттық разряды берілді.
Жас өреннің бұл қуанышты жеңісі – табанды жаттығулардың, білікті бапкерлер құрамының кәсіби еңбегінің, сондай-ақ отбасы мен мектебінің қолдауы мен сенімінің заңды нәтижесі. Алдағы уақытта жас чемпионның шеберлігі одан әрі шыңдалып, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындары сияқты халықаралық дүбірлі ареналарда көк туымызды биікте желбіретіп, еліміз бен ауданымыздың намысын абыроймен қорғай беретініне кәміл сенеміз.
Мұз айдынының жаңа жұлдызы Дәулетке алдағы аламан жарыстарда тек сәттілік пен жаңа биік асуларды бағындыруды тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

