25 қазан – Республика күніне орай, өткен сенбіде Жібек Жолы ауылдық округінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Ауыл аумағы мен арықтарды тазалау жұмыстарына жергілікті тұрғындар атсалысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған орта алдындағы жауапкершілікті арттыруға үлес қосты.
Сенбілік басталмас бұрын алдымен Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов сөз сөйлеп, тазалық жұмыстарының маңыздылығы мен алдағы атқарылатын жұмыстар жайлы айтып, тұрғындарды туған ауылға жанашырлықпен қарап, табиғатты аялауға шақырды.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, дана халқымыздың сөзі табиғатты қорғаудың мәнің терең ұғындырады. Осы орайда округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нағи Иманбаев өнегелі сөзін айтып, жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді.
Сенбілікке жалпы 100-ге жуық ауыл тұрғыны, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жастар қауымы қатысты. Әрбірі арық тазалау жұмысына белсене атсалысып, аумақтағы күл-қоқысты жинауға бір кісідей атсалысты.
Мұндай игі бастамалар тек ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың бірлігін нығайтып, жастардың бойында туған жерге деген жаңашырлықты қалыптастырары сөзсіз.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

