Елімізде жомарт жандар аз емес. Алматы облысы Еңбекшіқаақ ауданы, Түрген ауылында осыдан 2 ай бұрын анасынан айырылған 6 бүлдіршіннің жан-айқайына бей-жай қарамаған қайырымды жандар сол отбасыға жуырда Жаңашар ауылдық округінде 5 бөлмелі үйді сыйға тартты, деп хабарлайды Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осыған дейін Жұмаділовтар отбасы Түрген ауылындағы 2 бөлмелі жұпыны үйді 15 мың теңгеге жалға алып келген болатын. Бұл отбасының отанасы Нәзира Қосанова 17 сәуірінен бастап 6 баласына 150 274 теңге мөлшерінде жаңартылған МАӘК тағайындалып, тұрақты алып келе жатқан. 2 ай бұрын Нәзира қайтыс болып, жарынан айрылған Мұрат Жұмаділов 6 бірдей баласымен жалғыз қалды. Ауыр жағдайда қалған отбасына бірден ауылдық округ әкімшілігі, ауылдың ізгі ниетті тұрғындары тарапынан алғашқы көмек көрсетілді. Мұнан кейін бұл жағдай әлеуметтік желіде таралып, қиын халге түскен жартылай жетім қалған балалардың жай-күйі қайырымды жандардың назарын аудартты. Осылайша, бұл уақытқа дейін бірнеше отбасына көмек көрсетіп жүрген, блогер, жомарт жан Эльмира Ешниязованың бастауымен қайырымдылық қоры ашылады. Нәтижесінде жақында ізгі ниетті азаматтардың үлес қосуының арқасында үй алуға қажетті қаражат жиналып, Жұмаділовтар отбасына баспана алынды. Бала-шағасымен жаңа үйге қоныс аударған әке барша халқыма, жергілікті әкімшілікке жүйелі жұмысқа ризашылығымды білдіруді. Басына түскен қиындықты елі боп көтергеніне Мұрат Бұланбайұлының қуанышында шек жоқ. Қоныс тойларына Түрген ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарып жатқан Ержан Карибаев келіп құттықтап, көрімдік тарту етті. Ауыл тұрғындарынан жиналған қаражат пен азық-түлік қоса берілді. Жұмаділовтардың отбасындағы баланың ең үлкені 8 сынып оқушысы болса, ал ең кішісі болса 7 айлық бүлдіршін.