Спортты жанына серік еткен Жәмилә мен Мәдина Бақбергеновалар әйелдер күресінен әлемдік жарыстарда топ жарып жүр. Қазақстанның көк туын биіктерден желбіреткен егіз қыз Жамбыл ауданында туып-өскен.
Егіздер 1996 жылғы 6 қаңтарда осы аудандағы Қызыләскер ауылында дүниеге келген. Әкелері Науқаннұр Бақбергенұлы да кезінде белді спортшы болған, футболдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген жаттықтырушы. Спортшы отбасында өскен қос бүлдіршін аудандық спорт мектебінде шынығып, одан әрі шеберлік шыңдау үшін Алматыдағы Республикалық Дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында тәлім алған. Сонда оқып жүргенде көптеген жарысқа қатысып, жасөспірімдер арасындағы ел біріншіліктерінде жүлдегер атанды. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда да үздік өнер көрсетіп, еліміздің мерейін асқақтатты. Жәмилә мен Мәдинаға 2012 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2014 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілген.
Биылғы көктемде Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионатында Жәмилә Бақбергенованың жұлдызы тағы жанды. Сары құрлықтың 24 елінен 400 балуан қатысқан дүбірлі додада Жәмила топ жарып, қазақ қыздары арасынан алғашқы болып үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жекте жапондық Сумире Никураны 5:1 есебімен ұтты. Осылайша сары құрлық бәсекесінің 3 мәрте жеңімпазы атанған еді.
Одан кейін Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында әйелдер күресінен күміс жүлдегер атанды. Сөйтіп отандасымыздың қанжығасына Азия чемпионатының 6 медалі байланса, оның 3-уі алтын, қалған екеуі күміс және біреуі қола. Қытайдағы байрақты бәсекеде ол 76 келі салмаққа көтерілген болатын. Алдағы уақытта осы Олимпиадалық салмақта күресетін болады. Ол былтыр Моңғолияда, оның алдында Үндістанда талай мықты балуанмен белдесіп, топ жарған. Осы жыл да ол үшін жарқын жеңістерге толы болды.
Егіздер күреспен 14 жастан бастап айналысады. Жәмиләнің өмір есігін қатар ашқан сыңары Мәдинә да осы спорт түрінен айтарлықтай биіктерді бағындырып келеді. Екеуі бірге жаттығады, бір-бірін үнемі қолдайды. Ол да былтыр Моңғолияда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, ел мерейін асырған еді. Мәдина осы жылы жарақатына байланысты жарыстарға қатыса алмады. Бұйыртса, емделіп біткен соң, бозкілемге қайта шығады.
Жәмилә мен Мәдинаға алдағы уақытта да еліміздің көк байрағын әлемдік жарыстарда желбірете беруін тілейміз!
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.