Мемлекеттік қызметшіге моральдық-әдептілік бағыттағы қойылатын талап пен сенім жоғары. Бастысы, әр қызметші өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз орындау негізінде біліктілігі мен білімін, тәжірибесін ұштастыру арқылы Отанына адал қызмет етуі тиіс. Қызмет барысында көпшілікпен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыра білу керек.
Осы бағытта өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР-ның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Шынтас Нысаиновтың қатысуымен отырыс өтті. Онда Әдеп кодексінің мемлекеттік қызметкерлер алдына қойылатын талаптары айтылып, сала мамандарының қоғамдағы рөлі, олардың этикасы мен эстетикасы сөз болды.
Жиында күн тәртібіне сәйкес, Шынтас Тоқтарқанұлы сөз алып, Президенттің жарлығымен 22 ақпан күні мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі мен қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі Әдеп кодексіне енгізген өзгерістері мен толықтыруларына, мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сияқты бірқатар мәселелерге тоқталды.
Әдеп Кодексінде қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсіну және қолдану мақсатында, қызметшінің мінез-құлқына қойылатын әдептік және қызметтік әдепке жатпайтын өзге де ережелерден ажыратылып, мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары айқындалады (адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық және т.б.) деген мәселелерді кеңінен айтып өтті.
Сөз соңында Шынтас Нысаинов мемлекеттік қызметшілердің этикеті мен іскерлік қарым-қатынас нормаларын сақтаудың жоғары маңыздылығын атап өтіп, ауданда осы айдың 23-іне дейін болатындығын айтып, қатысушыларға жиын барысында айтылғандар бойынша түсінбеген жерлер немесе жеке сұрақтары болса, өзіне келіп жеке жолығуларына болатындығын айтты.
Қызметкерлерге қойылатын талап пен тәртіпті әркез назарға алу мақсатында өткізілген отырыс аяғында кездесуге қатысушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, облыс маманы тарапынан тұшымды жауаптар алды.
Ілияс ҚАЛИЕВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы,
аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі.