Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына орай, көптеген іс-шаралар өткізілуде. Мәселен, осы аптада біздің ауданымызда жоғарыда айтылған мереке құрметіне арналып «Астана – Ұлы дала Елордасы» атты денсаулық эстафетасы ұйымдастырылды.
Біздің аудандағы Шамалған ауылынан бастау алған іс-шараны аудан әкімі Жандарбек Далабаев құттықтау сөзімен ашып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бұл эстафета болғандықтан, біздің ауданның үш спортшысына салтанатты түрде ту беру рәсімі болып, оны Жандарбек Ермекұлы табыстады. Аталған символдық туды жерлестеріміз басқа аудандарға, атап айтқанда, Жамбыл, Іле және Талғар аудандарына жеткізетін болады.
Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп айтқандай, бұл жиынның негізгі мақсаты саламатты өмір салтын насихаттап, жастардың спортқа деген ынтасын жоғарылату болатын. Сонымен, қарасайлық спортшылар мерекелік туды эстафетаны жалғастырушыларға беруге аттанды.
Алдымен жалау көршілес жамбылдықтарға жеткізіліп, ол жерде оны қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, классикалық күрес шебері, Асхат Дінмұхамедов қабылдап алды.
Өз тілшіміз.