Ауыл – исі қазақтың қарашаңырағы, түп қазығы. Сондықтан шығар, кез келген қазақ баласы өзінің туған жерімен мақтанады. Қара суына шомылып, топырағында аунап өскен әрбір жан үшін киелі мекен бұл. Береке мен бірліктің нышанына баланатын елді мекендегі жергілікті билік пен халықтың ойы бірлесе үндесіп, еңселі істердің жүзеге асқаны қандай көрікті көрініс. Осындай мақсатта бірлесе күш қосып келіп жатқан ауданымыздағы ауылдардың бірі – Жамбыл округі. Жақында жыр алыбының есімі берілген елдімекеннің әкімдігі мен ардагерлердің бастамасымен «Үлгілі ауыл» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Жамбыл атындағы №2 орта мектебінде өткен шарада алдымен сөз тізгінін алған Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Өмербаев, аз-кем округтің тарихына тоқталып, тұрғындардың тұрмысын артыру үшін атқарылған жұмыстарды да айтып өтті. Жалпы, Жамбыл ауылдық округі 2013 жылы өңірлік мәслихаттың шешімімен өз алдына елді мекен болған. Бүгінде округке қарасты 4 ауылда 20 мыңнан астам халық тұрады. Аудандық әкімдіктің қолдауымен шешімін тапқан мәселелер көп. Ең маңыздысы жолдарды жасау, тіршілік нәрі суға қатысты мәселелер жоспарға сай шешіліп келеді. Округ бойынша 11 көшеге асфальт төселінді, 10 км көшеге түнгі жарық орнатылды. Қошмамбет ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 балаға арналған мектептің құрылысы басталды. Жергілікті халықтың ауызбіршілігі жақсы. Туындаған мәселелерді халықпен бірге отырып шешуге тырысады екен.
Келесі кезекте сахнаға осы шараның өтуіне ұйытқы болған, Жамбыл ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрайымы Құралай Сайбырова «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде осыдан 11 жыл бұрын құрылған елді мекеннің даму тарихына көз жүгіртіп, қазіргі уақытта бұл аймақтың үлкен ауылға айналғанын тілге тиек етті. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» ауыл тұрғындарының да ауызбіршілігін ерекше атап өтті.
Қариясы бар елдің дариясы бар. Осылайша аумақтың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары аймақты басқарып отырған басшыларға жөн сілтеп ақылын да айтып отырады. Ауыл қариялары әкімдікпен бірігіп «Үлгілі ауыл»шарасын өткізуді қолға алғаны – мұның айқын дәлелі.
Мерекелік шара аясында ұлттық салт-дәстүріміз дәріптелді. Ауылдың жетістіктері айтылып, тізе қосып еңбек етудің маңыздылығы сөз болды. Ресми бөлімнен кейін мерекелік басқосу Жамбыл атындағы №2 мектеп мұғалімдері мен оқушылары, округ әжелер ұйымының ұйымдастыруымен қойылған концерттік бағдарламаға жалғасты. Олар ән шырқап, күй шертіп өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, оқушылар Асылым Берікжанқызы, Әйгерім Тұрсынбекова, ұстаздар Роза Қыдырәлиева, Гүлмира Бектұрсынова, Гүлзеш Мұратбекова және «Гүлназ» тобының өнерлері көпшілік қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ендігі кезек округ әжелер тобына беріліп Жамбылдан Сәуле Бейсебаева, Жұлдыз Уразова, Фатима Бағатаева, Батан ауылынан Бәтіш Медетбекова, Қошмамбеттен Анаргүл Шадияровалардың өнері көпшілікті тәнті етті.
Кешті мектер директоры Ғабит Әлмұханбет қорытындылап, осы шараның ұйымдастырылуына атсалысқан округтің ардагерлер ұйымына, Жамбыл ауылының әжелер төрайымы Сәуле Бейсебаеваға, ауыл белсендісі Асылбек Баймұратқа, мұғалімдерге, мектептің кәсіподық ұйымының басшысы Гүлзира ханымға алғысын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.