Конситуция күні қарсаңында Кеген ауданындағы Қарабұлақ ауылы тұрғындарын үлкен қуанышқа кенелтіп тастады. Ауылдың кіреберісінен фельдшерлік-акушерлік пункттің жаңа ғимараты бой көтеріп, есігін ашып, пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Серікбаева Лейла Пернебайқызы қатысты. Ауылдың жоғын түгендеп, ажарын ашып жатқан жаңа ғимаратқа құтты болсын айтты.
Жаңа үлгідегі медициналық пункте санитарлық талаптарға сай және тұрғындарға лайықты медициналық көмекті қамтамасыз ететін барлық жағдайлар жасалған. Айта кетейік, дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстары 2022 жылы мердігер «Алау» ЖШС-мен басталған, 2023 жылдың тамыз айының аяғына дейін ғимаратты пайдалануға беру жоспарланған еді. Ғимараттың жалпы алаңы – 320 шаршы метр. Амбулаторияда 2 дәрігер, 5 орта буын, 2 кіші буын, 2 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Жаңа ғимарат стоматологиялық құрылғымен, зертханалық, физиотерапиялық және ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Емдеу орнында амбулаториялық қызметтен бөлек жарақат таңу пунктін, шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерін ашу жоспарлануда. Қарабұлақ ауылындағы есігін ашқан фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимаратында барлық жағдай жасалынған. Жылы да жайлы шаңырақта еңбек ететін дәрігерлердің, өзге де мамандардың жұмыс бөлмелеріне көңіл толарлық. Осылайша, ауыл тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.