Елордада шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді. Биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі жанұялардың арасынан оза шапқан жерлестеріміз Дәрібаевтар отбасы Алматы облысының абыройын Астана төрінде асқақтатып, бас жүлдені иеленді.
Әуелі байқау аудан, облыс деңгейінде өткені мәлім. Содан барып, оның арасында үздіктері республикалық сайысқа жолдама алды. Бұл кезеңде 20 отбасы бақ сынасты. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын тауып, еліміздің әр өңірінен жиналған үздік отбасылар Астананың төрін толтырды. Осынау мерейлі шараға қатысқан, жеңімпаз атанған отбасыларға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады.
Бұл шараға облыстың абыройын арқалаған Дәрібаевтар әулеті, Қарасай аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова да арнайы барып қатысты. Аталған байқаудың қорытынды кезеңіне орай ұйымдастырылған гала-концертте жеңімпаздар марапатталып, жүлделі орындар табыс етілді. Осылайша сайыстың қорытындысына сәйкес қарасайлық Дәрібаевтар әулеті бас жүлдені және бір миллион теңге жүлде қорын иеленді.
Әулеттің үлкені – Ибраһим Дәрібаев өнер атты майданда 30 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Ақылды бала» оқу орталығының, № 10 мектеп-интернатының ұстазы. Отасқан қосағы Әлияш Дәрібаева – алтын құрсақты ана. Өнер саласында 30 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеуде. Сонымен қатар бұл әулет 1990 жылы өздерінің отбасылық ансамблінің және шәкірттерге тәлім беретін өнер-білім мектебінің негізін қалаған. Қазақ өнерінің дамуы жолында бедерлі із қалдырып келе жатқан отбасының ән-қоржынында 100-ге таяу әндер бар.
Біз өз кезегімізде «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық деңгейінде жеңімпаз атанған жерлестерімізді құттықтаймыз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.