Мектеп қабырғасында он бірінші жыл білім алып жатқан түлектер үшін маңызды айлар басталды. Енді жарты жылға жетер-жетпес уақыттан соң олар үлкен өмірге қадам басады. Түлектер өмірің жаңа белесінде жоғары білім алып, білікті маман болуды көздейді. Осы биікке шығу үшін бірнеше сынақтан сүрінбей өту қажет. Соның бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Ал, осы ҰБТ биыл қалай өтпек. Бұл жайында біз ҰТО Қаскелең қаласы филиалының жетекшісі Назгүл Еркімбаевадан сұрауды жөн санадық. Аудандағы Ұлттық бірыңғай тест тапсыру орталығының жауапты басшысының айтуынша, биыл бірқатар мәліметтер орын алған.
2017 жылдан бері ҰБТ оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және абитуриент мамандығына қарай таңдалған екі бейіндік пәннен өткізіледі. Жалпы алғанда, тестілеушінің бес пәннен барлығы 140 балл жинау мүмкіндігі бар. Десе де, бұл жүйеге 2021-де үлкен өзгеріс желі соқты. 2004 жылдан бері келе жатқан қағаз форматтағы сынақ былтырдан бастап электронды форматқа ауысты. Енді болашақ талапкерлер жауап парағын бояймын деп уақытын жоғалтпайды. Электронды форматтағы ҰБТ уақытты үнемдеумен қатар, ұяшықтарды қате бояу, не боялған сияны компьютермен оқымай қалу секілді олқылықтардың орнын толтырады.
Цифрландыру процесіне көшу білім саласын жетілдіре түседі. Бұндай формат ұлттық бірыңғай тестілеуді максималды түрде адал өткізуге негіз болды. Он сегіз жылдан бері талапкер білімін тарызыға салған бұл сынақ заман талабына қарай осыл тұсын оңалтып, кемін келтіріп, қателігін қайталамауда. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған биылғы түлектер үшін де ҰБТ жаңалықтары жетерлік.
ҰБТ қаңтар, наурыз, тамыз айларында ақылы түрде өткізіледі. Аталмыш сынақ сертификатымен талапкерлер жоғарғы оқу орнының ақылы бөліміне тапсыра алады. Грант конкурсына қатысуға мүмкіндік берер негізгі ҰБТ-ны маусым айында тек бір рет өткізу жоспарлануда. Елдегі ахуалға байланысты қаңтар ҰБТ-сына өтініштерді қабылдау қаңтардың айының 21-іне дейін ұзартылды. Тестілеуде қаңтардың соңы мен ақпан айының 20-на дейін созылмақ. Айта кететін жайт, талапкерлердің былтырғыдай тест тапсыру күні мен орнын таңдау мүмкіндіктері бар.
Жаңғыра түскен сынақтың сұрақтары да жаңашалануда. Олардың, міне, мән маңыздылығы қаралып, мазмұны мардымдысы саралануда. Сұрақтар саны өткен жылдан аспады. Тек биыл Қазақстан тарихынан берілетін 15 сұрақтың оны дәстүрлі тест түрінде қалса, бесеуі мәнмәтіндік (контекстік) болды.
Ұлттық тестілеу орталығы мамандары бұл арқылы түлектер тексті жаттап қана қоймай, тарихқа терең үңіле түседі екен. Қазақстан тарихы –біріншіден барлық талапкерлердің тапсыратын міндетті пәні. Оның үстіне, сынның садағында тұрған пән. Басты сындардың бірі – жаттауға бейімделген сұрақтар өте көп. Жалпы, бұл сауалдар баланың негізгі білімін өлшемейді, жаттауға бейімдейді.
Ал, жаңа сұрақтарда мәтін немесе белгілі бір карта, не тарихи құжаттан үлгі беріледі. Бұл жерде тарихи датаны жаттауына ешқандай қажеттілік жоқ, талапкер алдында тұрған мәтінмен жұмыс істеп үйренеді. Онымен қоса бұл жаңартылған білім беру жүйесіне негізделген. Сонымен қатары, ҰТО-ның мамандары белгілі бір қоныс немесе тұрақтарды жатқа білмеген баланың тарихтағы білімінің көрсеткіші емес екенін, сол үшін ежелгі Қазақстан тарихындағы палеолит туралы сұрақтар алынып тасталғанын тілге тиек етті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Биылғы ҰБТ-да әр талапкерлерді екі камера бақылауда ұстайды. Нақтыра айтқанда, ағымдағы жылғы ҰБТ «бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші» принципімен өткізіліп жатыр. Ең басты мақсат – ҰБТ-ның таза және әділ өтуі. Сол себепті ҰБТ өтіп жатқан әр пункте әрбір монитордың үстіне екінші фронтальды камера қойылды. Осыған дейін әр тестіленушіге бір камера бөлінген болатын. Алдыңғы кезекте аудиторияға кірмес бұрын, кейінгі тестті бастар алдында екі рет тестілеуші «face id» , яғни, бет-әлпетін төлқұжат бойынша жеке басын сәйкестендіру апаратынан өтеді. Сосын тестіленуші қасындағы көршісіне жәрдемдеспеу үшін дыбыс жазатын микрофондар орнатылады. Бұл да нағыз керек шара екенін мамандар түсіндіруде. Өйткені, былтыр маска астында көршісіне көмектесіп, жоғары балл жинап берген талапкерлер табылған. Осы шаралар ұлттық бірыңғай тестілеудің адал өтуіне мүмкіндік бермекші.
2022 жылдың басты жаңалықтарының бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға қосымша 40 минут уақыт бөлінді. Сонымен қатар, оларға тестілеу пунктерінде арнайы орын бөлініп, бұл талапкерлерге тіпті сұрақтарда арнайы нұсқа құрастырылды. Тест тапсырушының сұранысына қарай арнайы көмекші беріледі.
Өзгерістің бірі шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілеріне қатысты болды. Олар үшін тестілеу уақыты – 70 минутқа өзгертілді, бұрын 65 минут болған. Биылғы тағы бір ерекшеліктің бірі тестілеу кезінде электр қуаты ажыратылған жағдайда немесе тестілеу жазбасы жүргізілмейтін басқа да форс-мажорлық жағдайларда, тестілеуді тоқтата тұру және ауыстыру туралы акт жасалады. Оған қоса SAT (ЭсЭйТи – САТ), ACT (ЭйСиТи), IB (АйБи) халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар қалауы бойынша кейбір анықталған пәндерден ҰБТ тапсырудан босатылады. Осындай тест сертификаттары бар тұлғалар ҰБТ-ға өтініштер қабылдау базасына сертификаттардың көшірмелерін ұсынуы қажет. Десек те аталмыш қауіпсіздік шаралары қорқуға еш себеп емес. Нағыз біліміне сеніп, шын оқыған адам ғана өзі қалаған нәтижеге қол жеткізе алады. Сол үшін де жақсылыққа жаман жолмен жетуге ұмтылмаған абзал.
Биыл тест тапсыратын түлектердің айы оңынан туды. Тестіленушілер енді қай пәннен қай кітапты оқимын деп бас ауыртпайды. Оқу жылының басында талапкерлерге ҰБТ-ға дайындалуға арналған оқулықтар тізімі ұсынылды. Бұл оқушы үшін үлкен көмек.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап оқушылардың ҰБТ-да жинаған баллы аттестатқа әсер етпейді және бұл сынаққа дайындаудан білім ордасы мен мектеп мұғалімдері босатылған болатын. Нәтижеге жету үшін түлектер дайындықты ерте бастап, түрлі курстарда немесе өз бетімен дайындалғанды жөн көрді. Ұлттық бірыңғай тестілеу орталыға да түлектер үшін келген көмегін аямауда. Аталмыш орталық өткен жылдың білім беру орталықтарымен бірлесіп, 8 желтоқсанынан бастап тікелей эфирде әрбір пән бойынша ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн-сабақтар өткізуде
2021 жылдың наурыз айынан бастап Қарасай ауданының оқушылары ҰБТ-ны Шамалған ауылындағы Әлжан Бұхарбайқызы атындағы дербес компьютерлермен жабдықталған жаңа тестілеу базасында тапсырады. Мектеп ішіндегі арнайы ҰБТ тапсыратын және бақылау сыныптарын құрылғылармен «U-study» орталығы жабдықтаған, бір уақытта 120 оқушыға арналып, яғни, бір күнде екі ауысымда 240 оқушы ҰБТ тапсыра алады. Ал, сынама тесттің офлайн режімде бағасы 1500 теңгені, онлайн режимде 1000 теңгені құрайды. Бұл базада тек Қарасайдан емес өзге аудандардан да оқушылар келіп білімдерін сынайтынын ескере кеткен жөн. Аудандық білім бөлімінің берген мәліметінше, биыл Қарасай ауданы бойынша 49 мектептен 2499 түлек бітіреді. Қаңтар айындағы тестілеуге Шамалғандағы тест орталығына Алматы облысы бойынша 3544 түлек өтініш беріп отыр.
Түлек үшін маңызды саналатын сынақ оқыған жанға қиын соқпайды. Тек керекті білімді толығымен меңгеріп алсаңыз жеткілікті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.