«Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет», – деп айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Бұл жайында Мемлекет басшысы бүгінгі өткен VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенттінің бірінші сессиясында түсіндіріп, елімізді дамыту үшін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» керек екеніне тоқталды. Расымен де мұндай топтың пайда болуы мемлекеттіміздің экономикасын одан әрі нығайтып, жауапкершілік арта түседі деген ойдамын.
Сонымен қатар, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлерге үндеу жасап, қастерлі Отанды бірге өркендетуге, келешекті бірге құруға шақырды. Осы жолда аянбай еңбек ету үшін кәсіпкерлер қауымына қолдау болатынын жеткізіп, тіпті, кепілдік беретінін де анық айтты.
Мемлекет басшысы осы салада қызмет ететіндерге сенім білдіріп жатқанда еңбек адамдары өз жұмыстарын жетілдіруі тиіс деп есептеймін. Бизнестегі бәсекелестікті арттырып, сапалы іс тындырсақ, ел экономикасы жақсаратыны анық.
Президентіміз айтқандай, кәсібін жандандырып отырғандарға қолдау көрсету өте маңызды. Ал мемлекеттің қолдауын сезінген кез келген кәсіпкер міндетті түрде нәтижелі жұмыс істеуі қажет. Егер сондай іскер адамдардың қатары артса, экономикамыз да қарыштап дамитыны сөзсіз.
Ардақ БАКИШЕВ,
Қарасай аудандық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер