«Бүгін – маңызды күн. Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Сайлау – саяси реформалардың бір бөлігі және маңызды. Саяси науқан жаңарған заңнаманың негізінде өтіп жатыр. Былтыр референдум өтіп Конституциямызға үлкен өзгерістер енгізілді. Одан бөлек, біраз заңдар қабылданды. Бір мандатты округтен сайланудың енгізілуі қоғам тарапынан жақсы қабылданып жатыр деп айтуға негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев сайлауда дауыс берген соң БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сенат төрағасының айтуынша, бұл жолғы сайлауда жоғары белсенділік байқалады.
«Сайлауда бір мандатты округтер кандидаттары және өзін-өзі ұсынғандар арасында бәсеке аса жоғары. Бұл Мемлекет басшысы қабылдаған саяси реформалардың өзектілігі мен уақытылы екендігінің көрінісі. Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауын заң талаптары мен халықаралық стандарттарға сәйкес өтеді деп сенемін. Бүгінгі науқан барысын халықаралық ұйымдардың байқаушылары қадағалап жатыр. Баршаны сайлауда өз таңдауын жасауға шақырамын. Биліктің қайнар көзі – халық. Халықтан жоғары ешкім тұра алмайды. Біз сайланған Мәжіліс депутаттарымен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз», – дейді ол.