Жуырда Талғар қалалық №25 мектепт-гимназиясында «Жастар, ғылым және инновация» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алматы облысы білім басқармасы мен Талғар аудандық білім бөлімі ұйымдастырған шараға облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Бесбаева, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Мұқанова және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педегогикалық университетінің ғалымдары және Талғар ауданына қарасты метептердегі жаратылыстану пәндерінен сабақ беретін жас магистрант ұстаздар мен олардың ғылым жолына баулып жүрген шәкірттері қатысты.
Химия, биология, физика, математика, география, информатика сабағына арналған арнайы кабинетте жас ұстаздар есеп шығарып, озық ойларымен бөлісті. №45 мектеп-гимназиясының физика пәнінің мұғалімі Әбіл Оразәлі оқушылардың физика сабағына деген ынтасын ояту жөніндегі пікірінде қызықты тәжірибе жасап, білім алушылардың есінде қаларлықтай сабақ өткізудің маңызын дәлелдеді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, жаратылыстану, және география институты, доцент, Химия кафедрасының PhD оқытушысы Ханат Дюсебаев жас ғалымдар мен шәкірттеріне ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шешілу жолы күрделі, ұзақ уақыт алатын есептерді жылдам шешудің жолын көрсетті. Сондай-ақ білімді шәкірт тәрбиелеу үшін алдымен ұстаз білікті болуы керектігін айтып, оқытушылардың да үнемі ізденісте жүруі керектігін жеткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен келген ғалымдар ғылым жолындағы жетістіктерімен бөлісіп, жас мамандарға ала келген кітаптарын тарту етіп, бағыт-бағдар сілтеді. Мектеп жасынан ғылымға бетбұрған баланың болашақ мамандығын таңдауда адаспайтынын да атап өтті. Шараның тағы бір маңызды бөлігі – тақырыптық көрме. Мұнда ұстаздар мен оқушылардың бірлесе жасаған зерттеу жұмыстары қойылды. Алыстан меңгерілетін роботтар көптің назарын аударды. Көрмені тамашалаған қатысушылар жас ғалымдардың ізденістеріне жоғары баға беріп, тың идеялармен толықтырды.
Ғылыми конференцияның пленарлық отырысында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы С. Беспаева елдің ертеңі жастардың қолында екенін айтып, ойын ортаға салды.
– Білікті ұстаз, білімді ұрпақ – ел болашағы. Санасы сергек, заманауи технологияларды меңгерген отанымыздың нағыз патриоттары ғана халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғай алады. Сонымен қатар жас мамандардың бойында рухани адамгершілік, саяси интеллект, ұлттық құндылық басым болуы шарт. Олар – ұлтаралық татулық пен қазақ халқының мәдени тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, ұрпақ сабақтастығын сақтаушылар. Заманның заңғар тұлғаларының бірі Міржақып Дулатов: «Алыстан Алаш десе аттанамын, Қазақты қазақ десе мақтанамын!» – деп айтып өткендей, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастар жаңа идеяларымен, өміршең істерімен бізді қашанда қуантады. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында болса, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында. Озық ойлы, ұшқыр қиялды, жаны жайсаң, кең жүректі ұстаздардан білімді де, білікті шәкірт шағатыны мәлім», – деп ойымен бөлісті облыстық білім басқармасының басшысы. Сонымен қатар, Алматы облысында 232 жас маман тапшы және облысымызда «Жайлы мектеп» бағдарламасы арқылы тағы 63 мектеп салынатынын айтып, осы жоба толығымен іске асатын болса, жалпы 3000-нан астам мұғалім қажеттілігінің туындайтынын жеткізді. Әсіресе, «жаратылыстану» мамандығы бойынша педагог қажеттілігінің жоғары екенін де ашып айтты.
Салтанат Беспаева өз сөзінде осында бас қосқан жас мамандарды көріп марқайып қалғанын да жасырмады. Бүгінгі таңда педагогикалық жоғары оқу орындары жыл сайын 50000-нан астам педагог тәрбиелеп шығаратын болса, соның тек 10 пайызы ғана мектептерге келетінін де жоққа шығармады. Алматы облысындағы осы олқылықтың орнын толтыру үшін жастарға толық қанды жағдай жасау көзделіп, көптеген жобалалар қолға алынып жатқанын мәлім деді. Соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етуге басты назарда екенін атап өтті. Өкіншке орай Алматы облысы республика бойынша оқу сапасы жағынан ең төмен облыс қатарында екенін де жасырмады. Мұндай келеңсіздіктің басты себебі мұғалімнің біліксіздігінен екенін айтып, осы жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуден түлектердің сүрінбей өтуіне тілектестік білдірді.
Конференция барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Биология және биотехнология факультеті, биофизика және биомедицина және нейроғылым кафедрасының биология ғылымдарының кандидаты, доцент Назгүл Жапаруқұлова «Жаңартылған оқу бағдарламасына оқушылардың психо-физиологиялық ерекшеліктерін зерттеу» тақырыбында баяндама жасады. Ол баяндамасында жаңартылған оқу бағдарламасына балаларды бейімдеу және оқу сапасын қалай арттыру турасында ойын дәлелімен жеткізді. Ал Гүлдала ауылдық жалпы білім беретін №21мектептің биология пәнінінң мұғалімі Балдай Сүлейменова жас өспірімдердің дұрыс тамақатануының маңыздылығына тоқталды.
Бұл жобаның мақсаты – мектеп пен университетті ғылым жолында байланыстыру, оқушылардың ғылымға деген ынтасын ояту. Жас жеткіншектер өздерінің ағзаларындағы ауытқуды білмейді. Дұрыс тамақтанбаса денсаулығының қалай өзгеретіндерін өздерімен бірге зерттедік. Жас өспірімдер дұрыс тамақтанбау салдарынан қан аздыққа шалдығатынын түсінді. Сабаққа деген ынтасына олардың қан құрамы тікелей жауапты. Балалардың зейіні жоғары болсын десек, онда олардың қан клеткаларын арттыру керек. Ол үшін қоректігі мол азықтықтар мен түрлі препараттарды пайдалану керек. Осы жұмысты жасағаннан кейін оқушылар өздерінің денсаулықтарына мән бере бастады. Бұрын олар жылдам дайын болатын тағамдармен қоса чипси, кириешки, газдалған, энергетикалық сусындардың зиянын біле тұра тұтынатын. Ал зерттеу барысында олардың қаупіне нақты көз жеткізгеннен кейін дұрыс тамақтана бастады. Шәкірттеріммен бірге өзім оқыған ҚазҰУ-де холтер аппараты арқылы адам жүрегінің қағысына зерттеу жасап, ондағы орын алатын өзгерістердің себебіне зер салдық, – деп Б.Сүлейменова ізденісінен үзінді келтірді. Ал Талғар қалалық №20 жалпы білім береттін орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Али Макаев инновациялық технологияларды пайдалану туралы баяндамасында Қазақстан республикасындағы 10 табиғи қорықтың бірі «Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына» вертуалды сапар жасау платформасын таныстырды. Мұндай әдіс арқылы балалардың табиғи қорықтарды өз көздерімен көріп қайтқандай әсерде болатынын айтып, осы тәсіл арқылы олардың өлкетануға деген ынтасын және география сабағына қызығушылығын арттыра алатынына сенімді екенін жеткізді.
Білім сапасын арттырып, білікті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен шарада озық ойлы мамандар білгендерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. Қалай білімді шәкірт тәрбиелеу турасында тәжірибелерімен бөлісіп, ой ортақтастырды. Ертеңнің игілігі үшін жасалған шарадан ұстаздар қауымы үлкен ой түйіп, шабыт алып қайтты.
Зорагүл ӘБДІҚАДІР.