Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана ұсынылған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындайтын ауқымды міндеттер мен асқаралы мақсаттар бүкіл қазақстандықтардың көңілінен шығып, ертеңгі күндерге деген сенімін айрықша арттырып отыр десем, еш артық айтқандық емес.
Жолдауда Президентіміз алда шешілуі тиіс көптеген іргелі істерді атап-атап көрсетті. Олардың ішінде экономика, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, білім, өңірлік саясат, еңбек нарығы, саяси жаңғыру, адам құқығын қорғау, экологиялық жүйе, ұлттың ұйысуы сияқты аса мәнді мәселелер бар. Сонымен қатар, адамдардың өмір-тұрмысын одан әрі жақсартуға бағытталған бес бастамасын жариялап, мемлекеттің ең басты қамқорлығы өз азаматтарына арналатынын тағы да жақсы айқындап берді.
Осы орайда негізгі мамандығым педагог болғандықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлының білім сапасын арттыру мақсатындағы алға қойған міндеттері өте үлкен де ерекше екенін атап айтқым келеді. Яғни, Президентімз ұстаздарды қолдау саясатының жалғаса берілетіндігін жеткізді. Бүгінде бұрын бекітілген мұғалімдердің мәртебесін арттыру жөніндегі іс-шаралар өз нәтижесін беруде екен.
Мәселен, педагогикалық мамандықты таңдайтын талапкерлер көбейген. Басқа салаға ауысып кеткен бірқатар ұстаз өз жұмысына оралып жатыр. Мұнан былай білім олимпиадаларында жеңімпаз атанған оқушыларға мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіледі, тіпті, бір реттік ақшалай сыйлық та ұсынылады. Ал, енді мұғалімдер қазіргідей бес жылда емес, үш жылда білімін жетілдіреді. Мектептердегі орын тапшылығы да бірте-бірте жойылып, 2025 жылға қарай Қазақстанда жаңа мың мектеп салынатын болады.
Осының барлығы да жанымызды жадыратып, көңілімізді қуантып отыр.
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.