Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Қаскелеңдегі Белинский орта мектебінің күрделі жөндеуін сынға алды. Оның айтуынша, дәл осы мектептің директоры мердігер мекемемен құрылыс мәселесін шешуі тиіс болған. Ал аудан әкімі бұл дұрыс еместігін түсіндіріп, «ұстаздар бала тәрбиесі мен оларды оқытумен, ал құрылысшылар құрылыспен айналасуы тиіс» деп ойын білдірді. Бұл жайында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы осыдан бір апта бұрын өзі қатысқан «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты аудан ұстаздарының тамыз кеңесінде айтты.
Алқалы жиын аудандық Мәдениет үйінде өтті. Аудан әкімі Жасұлан Естенов кеңестің алдында ғимараттың фойесінде ұйымдастырылған аудан мектептерінің көрмесін көріп, бағасын берді.
Ұстаздардың тамыз кеңесін аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы ашып, жүргізіп отырды. Бұл жиынға қала, округ әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, педагогтер және ардагер ұстаздар қатысты.
Жиын барысында алдымен білім бөлімінің басшысы Әсем Жандыбаева тамыз кеңесінің тақырыбы аясында білім жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, статистикалық мәліметтерді, жеткен жетістіктер мен осы салада жасыра алмайтын кемшіліктерді сөз етіп, баяндама оқыды. Оның ықшамдалған нұсқасы төмендегідей:
Қарасай ауданы бойынша 2021-2022 оқу жылында 58 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 5 жекеменшік, 1 облыстық Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын арнаулы гимназиясы, 52 ауданға қарасты жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Сонымен бірге 10 мемлекеттік, 158 жекеменшік балабақша, 2 музыка мектебі балаларға қызмет көрсетуде.
2021-2022 оқу жылының 1 қыркүйегінде аудан мектептеріне 72623 оқушы қабылданып, оқу жылын 73338 оқушы аяқтады. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушы саны 6092 балаға артты. Демографиялық өсу мен ауданымызға қоныс аударушылардың көп болуының арқасында мектеп жасындағы балалар саны жылдан жылға қарқынды өсуде. Әрине, бұл қуантарлық жағдай болғанымен, ауданымызда оқушы орнының тапшылығы басым болып, былтырғы оқу жылында 12 мектеп үш ауысымда білім беруге мәжбүр болды. Үш ауысымды оқытуды жою мақсатында Толстой, Алмалыбақ, Байтұрсынұлы атындағы мектептерге 600 орындық жапсаржайдың және Үштерек, Жармұхамбет ауылдарына жаңа мектептің құрылыстары жүргізілуде.
… Білім саласындағы мекемелер мен қызметкерлердің жұмыс нәтижесі ол сапалы білім десек, оқу жылының соңындағы аудан бойынша білім сапасы 63,7% құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы оқу жылымен салытырғанда 2,1%-ға жоғарылап отыр. 87 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісі, 187 оқушы «Үздік аттестат» игері атанды. Барлығы 2510 түлектің 805-і жоғарғы оқу орындарының гранттарына ие болды.
… Бүгінгі күні аудан бойынша 2 музыка мектебі, 3 спорт мектебі жұмыс істейді. №1 Алмалыбақ балалар музыкалық және жекеменшік «Серпін» балалар өнер мектебінде барлығы 198 оқушы әртүрлі 8 бағыттағы секциялар мен үйірмелерге қатысады. Өкінішке орай бұл мекемелер барлық оқушылардың қажеттілігін қанағаттандырмайды. Аталған мәселені шешу мақсатында ескі ДОСААФ ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамасына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Аталған ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін өнер мектебі ашылатын болады.
…Атқарылған жұмыстарда біраз жетістіктерміз болғанымен, кемшіліктер мен мақсаттарға жете алмаған бағыттар да бар. Жаңа оқу жылында 12 мектеп үш ауысымда жұмыс жүргізетін болады. Сонымен қатар орыс сыныптарында сабақ жүргізетін пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі, инклюзивті білім беруге байланысты арнайы мамандардың тапшылығы сияқты бірқатар келелі мәселелерді айта кеткен жөн. Жаңа оқу жылында аталған кемшіліктерді жою мақсатында нақты жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылады.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсем Жандыбаеваның баяндамасынан кейін жарыссөзге жазылғандардың ой-пікірлері ортаға салынып, олардың тарапынан біраз ақпараттар айтылды.
Осыдан кейін аудан әкімі Жасұлан Естеновке сөз берілді. Аудан басшысы алдымен Қарасай жұртшылығымен танысып, бұл оның аудандық Мәдениет үйінде өткен алғашқы алқалы жиыны екенін айтты. Жасұлан Тоққожаұлы өз сөзінде ел Президенті Қ.Тоқаевтың өскелең ұрпаққа мән беруді, оларға жол ашуды, жағдай жасауды тапсырғанын тілге тиек етіп, аудандағы жасөспірімдердің болашағына алаңдаушылық білдірді. Өйткені аудан әкімін статистикалық мәліметтер қуантпады. Ол деректерге сүйенсек, ауданда 2021 жылы кәмелетке толмағандармен 21 қылмыс тіркелсе, 2022 жылдың 7 айында ол қылмыстар 42-ге жеткен. Одан бөлек былтырғы жылы тек бір суицид болса, биыл 1 суицид және 4 ұмтылу фактісі орын алыпты. Осы жағдайларға қатысты Жасұлан Тоққожаұлы білім бөліміне талдау жасап, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
Қарасай ауданының әкімі білім саласында жеткен жетістіктер жоқ еместігін алға тартып, шешілмей жатқан мәселелерге де көңіл бөлуді нақтылап жеткізді. Мәселен, облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, Қарасай ауданы бойынша білім сапасы 63,2 пайызды құраса, облыс бойынша бұл көрсеткіш 65 пайызға тең. Жасұлан Тоққожаұлы бұл облыс деңгейінен төмен екенін айтты.
Қазіргі таңда аудан бойынша үш ауысымда оқытатын мектептің саны 12-ге жеткен. Бұл бүгінгі көрсеткіш. Алдағы уақытта одан сайын арту қаупі бар. Оны аудан әкімі Жасұлан Естенов те ескертіп, Қарасай ауданында, тіпті, спортзалы жоқ білім ошақтары бар екеніне тоқталды. Сонымен қатар, аудан басшысының сөзіне сүйенсек, білім бөліміне тікелей байланысты сұрақтар да шешілмей жатыр. Мысалы, 10 кітапхананы жабдықтауға бөлінген қаржы әлі игерілмепті. Денешынықтыру пәніне спорттық жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінген, бірақ бүгінгі күнге дейін алынбаған. Жасұлан Тоққожаұлы осындай шешімін таппай жатқан біраз сұрақ жетерлік екенін түсіндіріп, кадр мәселесі, оның ішінде орыс сыныптарында бастауыш мұғалімдерінің тапшылығын жасырмады. Бұл мәселе болашақта өз шешімін табатынына сенім білдірді.
Сөз соңында аудан әкімі Жасұлан Естенов білім жүйесіндегі сапаны бағамдап, сараптай келе, 2022-2023 оқу жылында осы салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарына, білім бөліміне, округ әкімдері және мектеп директорларына келесі тапсырмаларды орындауды тапсырды:
1. Үш ауысымды мектептерді жою бойынша нақты ұсыныс берілсін;
2. Барлық білім беру мекемелерінде, меншік иелігіне қарамастан, материалдық базаның заман талабына сай жаңартылуы қадағалансын;
3. 2022 жылдың соңына дейін «Балалар жылына» байланысты іс-шаралар тоқтаусыз өткізілсін;
4. Оқушыларды әртүрлі олимпиада, жарыстарға қатыстырып, озық білім ошақтарының тәжірибелерін енгізілуі қажет;
5. Мәдени іс-шараларға және қосымша білім беруге қатыстыруға көңіл бөлген жөн;
6. Жыл бойы мектептердегі «Мектепке жол» акциясы бойынша жағдайы төмен, жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтап, осы аталған отбасыларға демеушілік көрсетілсін;
7. Биыл жапсаржайы салына бастаған мектептердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы қатаң қадағалансын;
8. Мектептерде ең өзекті мәселенің бірі – кадр мәселесі. Мамандарды қабылдау кезінде педагогикалық қабілеттілігіне назар аударған жөн;
9. Білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес, ұстаздардың кәсіби қабілеттілігін арттыру мақсатында, оқыту семинарлар, мұғалімдердің білімін жетілдіру курстары, сапалы тәжірибе алмасу тұрақты ұйымдастырылсын;
10. 2023 жылға дейін 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін өсіру қажет;
11. Аудандық Полиция басқармасыме бірлесіп, жолдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар ұйымдастырылсын.
Жиын соңында аудан әкімі Жасұлан Естенов бірқатар ұстазға білім беру жолында атқарған еңбектерін бағалап, өзі атынан Құрмет грамота мен Алғыс хаттарды табыс етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.